Вакцина алған жамбылдықтардың саны 262 мыңнан асты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Вакцина алған жамбылдықтардың саны 262 мыңнан асты. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы Мемлекет басшысының бұған дейін жүктеген тапсырмалары өңірлерде қалай жүзеге асып жатқандығы туралы аталған жұмыс кеңес отырысы барысында бірқатар облыстар мен қала әкімдері баяндады. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та Президентке өңіріміздегі аурушаңдық көрсеткіші мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

«Өңірімізде жалпы эмидемиологиялық ахуал тұрақты. COVID-19 індетінің 10 778 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте КВИ-дің 57 жағдайы анықталды. Жамбыл облысы қазір «сары» аймақта тұр. Бүгінде екпеден өткендердің саны 262 мыңнан асты. Жалпы бізде 582 000 адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациядан өту керек. Қазіргі таңда екпеден өткендердің көрсеткіші 45 пайыз. Мұғалімдер 96, дәрігерлер 98 пайыз екпемен қамтылды. Ал төсек-орындардың пайдаланылуы 50 пайыз. Ауыр науқастар жүктемесі 40 пайыз. Бүгінде бізде резервте 2750 төсек-орын мен 2 айлық дәрі-дәрмектердің қоры бар. Жағдай бақылауда. Енді барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, сіздің берген тапсырмаңызға сәйкес, халықты екпеден өткізуге жұмыс істеп жатырмыз. Биофарм мамандарымен, институттың басшыларымен жұмыс жасадық. Осы айда вакцинаның 100 мың, келесі айда 650 мың, қыркүйек айында 1 миллион доза вакцина шығарылатын болады. Басқа мамандарды оқыту жөнінен де жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Бердібек Сапарбаев.

Кеңес аяқталған соң, Президент жүктеген міндеттерді орындау жолдары облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында тағы бір пысықталды. Онда Бердібек Сапарбаев тиісті сала мамандарына өңірдегі эпидахуалды тұрақтандыру үшін жағдайды үнемі бақылауда ұстап, нақты шаралар қабылдау керектігін ескертті.

«Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Енді сол тапсырмаларды орындау үшін жұмыс істеуіміз керек. Аурушаңдық деңгейі Тараз қаласы мен Талас, Қордай, Байзақ аудандарында жоғары болып отыр. Сондықтан мобильді таптардың жұмысын күшейту керек. Әсіресе, сауда орталықтары мен ресторан, кафе, базарлардағы жағдайды бақылауда ұстап, жұмысты жандандыруға тиіспіз», - деді аймақ басшысы.

Бердібек Сапарбаев орынбасары Дәулет Кәрібекке қаланың, аудандардың әкімдерімен бірлесе осы жұмыстарды ары қарай жалғастыруды тапсырды.

«Келесі мәселе – ауруханалардың материалдық-техникалық жабдықтармен тиісті деңгейде жабдықталуы. Біз қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл ең негізгі жұмыс. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, аудан, қала әкімдері осыны әрдайым бақылауда ұстасын. Өкінішке қарай, ауруханаларда жатқан науқастардың саны күн санап өсіп жатыр. Сол себепті әкімдер күн сайын ауруханаларға барып, жағдаймен танысып отырыңыздар. Қажетті оттегі мен дәрі-дәрмектер бар ма, соны бақылаңыздар», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар