Вакцина алған дәрігерлердің үлесі 96 пайызға жетті – ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина алған дәрігерлердің үлесі 96 пайызға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде күн сайын вакцина алғандар саны артып келеді. Бұл жайлы аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға, вакцинациялау жұмыстарының жүргізілуіне қатысты өткен кеңес барысында айтылды.

«Барлық қызмет көрсету саласы мамандарын, яғни, қоғамдық көлік, тамақтану, сауда орындарында жұмыс істейтіндердің вакцина алуын қадағалау күн тәртібінде тұр. Бұл денсаулық сақтау, білім беру бағытындағы қызметкерлерге де қатысты. Қазіргі таңда облыста дәрігерлер арасында вакцина алғандардың үлесі - 96, күштік құрылымдар қызметкерлері арасында - 91, қызмет көрсету саласында егілген адамдардың жалпы саны 66 пайызды құрап отыр. Бұл жақсы көрсеткіш, бірақ осымен тоқтап қалуға болмайды», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

3 маусымнан бастап Өскемен мен Семейде бес жылжымалы егу пункті жұмыс істеуде. Сондай-ақ Үржар, Глубокое және Алтай сынды туристік аудандарға ерекше назар аударылуда.

«Былтыр Алакөл жағалауында туристерден ПТР-анықтаманы міндетті түрде талап ету керектігін енгізген кезде, бұл шараны кәсіпкерлер түсінбей қалған болатын. Бірақ кейін ризашылықтарын білдірді. Өткен жылы ауданға 600 мыңға жуық турист келген. Абырой болғанда бірде-бір науқас тіркелген жоқ», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, аймақта вирус жұқтырғандар саны орташа республикалық көрсеткіштен төмен.


Соңғы жаңалықтар