Вадим Присяжнюк: Дариғаның қола медалі алтынмен тең

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дариғаның қола медалі алтынмен тең. Олимпиада жүлдегерін қарсы алу кезінде бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюк осылай деді.

«Бұл жыл біз үшін өте табысты жыл болды. Өздеріңізге белгілі Астана қаласында әйелдер арасында Әлем біріншілігі өтті. Төрт қызымыз алтыннан алқа тақты. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алдық. Бізде әйелдер боксының дамып жатқандығын, бізбен санасу керектігін дәлелдедік.

Ал, Рио Олимпиадасында медальге қол жеткізетінімізді айтқанмын. Бірақ, қандай медаль екендігін айтқан жоқ болатынмын. Ал, Дариғаның бұл қола медалі біз үшін алтынмен тең. Өйткені, Дариға Олимпиада чемпионынан жеңілді», - деді бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюк.

Ол сонымен қатар, Дариғаның қолынан келгенінің барлығын жасағанын, оған ешқандай кінәрат таға алмайтындығын айтты.  

«Енді бізге тағы да жұмыс істеу керек. Болашақта оны да жеңе аламыз (ред. америкалық боксшы Кларисса Шилдсті), егер ол кәсіпқой боксқа кетіп қалмаса әрине. Бірақ, ол осы Олимпиададан кейін кәсіпқой боксқа кетуі әбден мүмкін», - деді бапкер.  

Айта кетелік, Дариға Шәкімова Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпиадасында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Барлығы шаршы алаңға үш рет шықты - 1/8 финалда канадалық Ариан Фортинді 2 : 1 есебімен, 1/4 финалда мароккалық Хаджиджа Мардиді 3:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда ағымдағы Әлем чемпионы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Кларисса Шилдске (АҚШ ) есе жіберіп, алды. Сөйтіп, қола медальге ие болды. 

Соңғы жаңалықтар