V Каспий саммиті бүкіл өңір үшін стратегиялық маңызға ие - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 тамыз күні Ақтауда өтетін бесінші Каспий саммиті бүкіл өңірдің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Мұндай пікірді Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтауда өтетін Каспий маңы мемлекеттері басшыларының бесінші саммиті бүкіл Каспий өңірінің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі Ақтауда өтетін кездесу барысында соңғы 20 жыл бойы жұмыс жүргізіліп келген, ұзақ күткен Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою жоспарланған», - деді Жұмабек Сарабеков.

Оның атап өтуінше, конвенция Каспий өңірі дамуының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өңір елдерінің өзара іс-қимылының негізгі ұстанымдарын айқындайтын өзіндік «Конституциясына» айналуы тиіс.

«Конвенция Каспий теңізінің мәртебесі мен құқықтық режімін айқындау мәселесінде үлкен айқындық әкеледі. Осыған байланысты тиімді ынтымақтастыққа кедергі келтіріп келген көптеген даулы сәттер жойылады. Атап айтқанда, конвенция Каспий акваториясын нақты бөледі және Каспийде қолданылатын өзара іс-қимылдың тәртібі мен ұстанымдарын жүйелейді. Дәл осы теңіз түбін бөлу Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау жолындағы ең күрделі кедергілердің бірі болып келгендігі белгілі», - деп атап өтеді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшы Каспий маңы елдері арасында теңіз түбін бөлу мәселесі де шешілетіндігін айтты.

«Конвенцияда нақты жауап берілетін келесі бір маңызды мәселе Каспий түбінен құбыр желісін тартумен байланысты. Конвенция мәтінінде Каспий маңы елдері теңіз түбінен кабельдер мен құбырлар желісін тарта алатын болады деп нақты ереже көрсетілген. Конвенцияның бұлай мазмұндалуы Ашхабад пен Баку белсенді түрде бастамашылық жасап келген Транскаспий газ құбыры желісі құрылысын айтарлықтай жақындата түседі», - деді Жұмабек Сарабеков.

Дегенмен, оның пайымынша, газ құбырын теңіз түбінде төсеу жобасын жақын арада жүзеге асырылады деу қиын.

«Конвенцияда құбыр желісі жобасы экологиялық талаптарға сай келуі және теңіздің ластану қаупін төндірмеуі тиіс деген талап нақты жазылған. Атап айтқанда, бұған Еуропаның энергетикалық нарығында ірі ойыншы болып отырған Ресей мен Иран мәжбүрлеп отыр. Себебі болашақта Еуропа нарығына түрікмен газы да жететін болады. Қалай десек те Конвенция қабылданғаннан кейін Транскаспий газ құбыры желісінің құрылысы туралы пікірталас қайтадан жандана түсетіндігі сөсіз»,-  деді сарапшы.

Оның айтуынша, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің реттелуі Қазақстанға көліктік-транзиттік әлеуетін толыққанды ашу үшін айтарлықтай мүмкіндік береді. Сонымен қатар конвенция еліміздің батыс өңірінің кешенді дамуына тың серпін қосады.

Мұнан бөлек, сарапшы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан Құрық теңіз айлағының маңыздылығына да кеңінен тоқталды.  Қазақстан үшін Құрық айлағы Каспий транзиттік дәлізі арқылы тауар тасымалдау жүйесінде басты буын болатындығын баса айтты.

«Айлақтың маңыздылығы мынада, Құрық Кавказ арқылы Еуропа нарықтарына кеңінен кіруді қамтамасыз етеді және Қазақстан аумағы арқылы халықаралық түк тасымалының артуына мүмкіндік береді. Өйткені, каспий өңірінің транзиттік жүк көлемінің артуы Ақтау айлағының әлеуетінен қазірдің өзінде артық болып отыр», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Құрық айлағының бірнеше маңызды басымдығы бар. біріншіден, оңтайлы климаттық жағдай айлаққа жыл бойы паромдарды қабылдауға мүмкіндік береді. Екіншіден, Құрық географиялық тұрғыда барынша оңтайлы орналасқан.

«Мәселен, Құрық айлағынан шыққан паром әзербайжандық айлақтарға Ақтаудан шыққан паромға қарағанда 5 сағат бұрын жетеді. Сондықтан мұндай басымдықтар Құрық жобасының тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, қазірдің өзінде Өзбекстан Құрық арқылы өз жүктерін тасымалдауға қызығушылық танытуда. Бүгінде құрық айлағы құрылысының бірінші сатысы ғана аяқталды. Толықтай алғанда, ол Қазақстанның пароммен жүк тасымалдау қуатын үш есе арттырады деп күтілуде», - деді Жұмабек Сарабеков.

Соңғы жаңалықтар