Вьетнаммен арадағы тауар айналымы соңғы 7 жылда 2 есе артты - Премьер

None
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Вьетнамның вице-президенті Во Тхи Ань Суан экономикалық және әлеуметтік-мәдени ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Тараптар сауда, транзит және логистика, туризм, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.

Премьер-Министр 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері Қазақстан мен Вьетнам сындарлы диалог орнатып, екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне қол жеткізгенін атап өтті.

Оның айтуынша, соңғы 7 жылда екі ел арасындағы тауар айналымы 2 есе артты. Бұған 2015 жылы ЕАЭО елдері мен Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою ықпал етті.

«Біз қазірдің өзінде қазақстандық экспортты 90 тауар атауы бойынша 500 млн-нан астам долларға ұлғайтуға дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов қазақстандық азаматтарға Вьетнамға визасыз кіру мүмкіндігін беру мәселесін көтерді, бұл екі ел арасындағы сауда және туризмді дамытуға оң әсер етеді.

Оған қоса, Премьер-Министр Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында, әсіресе күріш шаруашылығындағы ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

«Бұл дақылды өсіріп-баптау бойынша ғылыми зерттеулер мен заманауи вьетнамдық технологиялардың біздің еліміз үшін пайдасы бар. Біз осы бағытта вьетнамдық әріптестермен іскерлік байланыстарды бастауға әзірміз», — деді Үкімет басшысы.

Өз тарапынан Во Тхи Ань Суан Вьетнамның Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне үлкен маңыз беретінін атап өтті.

«Екі ел арасындағы сенімді саяси диалог өзара әріптестікті одан әрі кеңейтуге негіз болып отыр. Географиялық жағынан тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан әлемдегі ірі нарықтарды біріктіреді. Біз өзара тиімді бағыттарда бірлесіп жұмыс істеу үшін нақты ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз», — деді Во Тхи Ань Суан.




Фото: primeminister.kz




Соңғы жаңалықтар