«Вьетнам-Қытай-Қазақстан-Еуропа» трансконтиненталдық темір жол бағыты іске қосылды

None
None
ХАНОЙ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігі «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-мен (ҚТЖ) Вьетнам-Қытай-Қазақстан-Еуропа бағыты бойынша алғашқы темір жол транзиттік-көліктік дәлізінің жұмысын іске қосқан көліктік-логистикалық жобаны жүзеге асырды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алғаш рет Вьетнам астанасы Ханойдан (Йенвьен станциясы) вьетнамдық шекара маңындағы Донгданг темір жол терминалы арқылы, Еуропаға бірлескен контейнерлік құрамдар құрылатын ҚХР аумағы бойынша, одан әрі Қазақстан арқылы транзитпен Дуйсбургке (ГФР) көлемі 9,1 мың немесе 1686 ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) жүк тасымалы жүзеге асырылды.

Осылайша, Ханойдан неміс Дуйсбургіне «LG» мен «Samsung» компанияларының жүктерін тасымалдау мерзімі 22 күнді құрады, оның 2 күні тауарды Вьетнамнан ҚХР-ға тасымалдауға қажет болды. Бұдан әрі аталмыш жүктің Дуйсбургке дейінгі жеткізілімі 20 күн алды. Кейінірек Вьетнамнан Еуропаға дейінгі жүк тасымалдауының жалпы уақытын 19 сағатқа дейін қысқарту жоспарланып отыр. «Вьетнам темір жолдарының» хабарлауынша, көлемдер биылғы жылда-ақ айтарлықтай артады.

Аталған темір жол бағытының іске қосылуы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын халықаралық көліктік жүйеге интеграциялау және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында, Қытай тарапының «Бір белдеу, бір жол бастамасымен ұштасатын еліміздің көліктік әлеуетін жүзеге асыру бойынша стратегиялық тапсырмасын жүзеге асыру тәжірибесінің нәтижесіне айналды.

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы Қытай аумағы арқылы транзитпен көліктік-логистикалық қатынасын құру және іске қосу жұмысына Вьетнамдағы Қазақстанның Елшілігі мен ҚТЖ 2016 жылы бастамашылық етті. Бұл тапсырманы 2016-2017 жылдары жүзеге асыру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерінің Вьетнамға сапары ұйымдастырылды, солардың барысында Вьетнамның Көлік министрлігінің және «Вьетнам темір жолдарының» жетекшілерімен кездесулер ұйымдастырылды, сондай-ақ, 100-ден астам ірі әлемдік және вьетнамдық көліктік-логистикалық компаниялардың қатысуымен екі бизнес-форум өткізілді.

Бұдан бөлек, ҚТЖ мамандары Қытаймен шектесетін Донгданг және Лаокай темір жол өткелдерінде болып, олардың аталмыш темір жол бағытын құрудағы мән-маңызы мен әлеуетін айқындады.

2017 жылдың ақпанында Ханойда «ҚТЖ» мен «Вьетнам темір жолдары» арасында Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, ол екі ел арасындағы көліктік-логистикалық бағыттағы өзара әрекеттестіктің жандана түсуіне ықпал етті.

Қазақстандық дипломаттардың қолдауы және ҚТЖ өкілдерінің белсенді қатысуымен 2017 жылдың наурызы мен шілдесінде Алматы мен Ханойда Қазақстан, Вьетнам және Қытайдың темір жол әкімшіліктерінің алғашқы үшжақты келіссөздері жүргізілді. Нәтижесінде, тараптар тасымал көлемдері, бағыттар және логистикалық операторлар жөнінде келісті. Аталмыш форматтағы келіссөздердің бұдан кейінгі кезеңдеріне Ресей мен Моңғолиядағы серіктестер қосылды.

2018 жылдың сәуірінде Қазақстан мен Вьетнамның темір жол әкімшіліктерінің арасында Көлік бойынша жұмыс тобы құрылып, сәтті қызмет етіп келеді.

Жалпы, Қазақстан мен Вьетнамды екі көліктік бағыт байланыстырады: Вьетнамға қазақстандық бидай тасымалы өтетін Ляньюньган (КХР) кемежайындағы қазақстандық логистикалық терминал, сондай-ақ, вьетнамдық Донгданг темір жол терминалы арқылы өтетін бағыт.

Белгілі болғандай, Вьетнам Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен Еркін сауда туралы келісімге қол қойған тұңғыш ел болды. Қазақстан-ҚХР-Вьетнам транзиттік бағыты біздің еліміз бен өзге де ЕАЭО елдеріне вьетнамдық нарыққа ауыл шаруашылығы тауарларын, оның ішінде ет-сүт өнімдері мен өзге де тез тасымалдауды қажет ететін тауарлардың жеткізілімін жасауға мүмкіндік береді. Бұл орайда Иранға бидай жеткізілімі бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен жобалар үлгі бола алады. Өз кезегінде Вьетнам аталмыш дәліздің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, теңіз өнімдері мен тропикалық жемістерді Қазақстанға экспорттау мүмкіндіктерін алады.

Қазіргі уақытта Вьетнам Еуропалық Кеңеспен, Вьетнам-ҚХР-Қазақстан-Еуропа бағыты бойынша транзиттік-көліктік дәлізді әртараптандыруға, Вьетнам мен АСЕАН елдерінен Еуропаға жүк тасымалын қысқартуға мүмкіндік беретін , жалпы теңіз тасымалының баламасы болатын ұқсас келісім жасау бойынша жұмыстарды аяқтауда.

Вьетнам- ҚХР- Қазақстан-Еуропа транзиттік-көліктік дәлізінің қос тарапқа да кең көлемде қызмет етуі келешекте Қазақстанның өз көліктік-транзиттік әлеуетін айтарлықтай нығайтуға және Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азия елдері арасындағы тиімді көпірге айналуға мүмкіндік береді.

2018 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 467,2 млн АҚШ долларына жетті. Вьетнам-ҚХР-Қазақстан - Еуропа темір жол дәлізінің іске қосылуымен екі ел арасындағы тауар айналымы айтарлықтай артады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар