V Алматы марафонына жаңа дисциплина енгізілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін V Алматы марафонының ұйымдастырушылары биылғы марафонға енгізілетін өзгерістер туралы айтып берді.

«Алматы марафоны қайырымдылық мақсатта өткізіледі. Жыл сайын белгілі бір мақсат қоямыз. Биыл сал ауруына шалдыққан балаларға көмек беріледі. «АРДИ» мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығына тірек-қимыл жүйесін оңалтатын 4 аппарат сатып әпереміз», - деді ұйымдастыру комитетінің диреткоры Салтанат Қазыбаева.
Оның айтуынша, биылғы байқауда бұрын жіберілген қателіктердің барлығы ескерілмек. Мәселен қатысушыларға биыл сөре нөмірлері атаулы түрде беріледі. Сондай-ақ, жүгірушілерге арнап жаңа дисциплина ашылды.
«Көптеген марафонда көргендеріңіздей, ортасында қарқынды азайтып, аяңға түсетін адамдар болады. Олар жүйріктердің жолын бөгейді. Сондықтан, оларға арналып, «Скандинав жүрісі» дисциплинасы енгізілді. Енді олар арттағыларға бөгет болмай, ең соңғы 10 шақырымдық қашықтыққа шығатын болады», - деді С.Қазыбаева. Сонымен қатар, әр қашықтықтың өз медалі болады.
Биылғы мерейтойлық марафонда 42 шақырым қашықтыққа 8 пейсмейкер шығатын болады. Бұл спортшылар жүгіру қарқынын бәсеңдетпеуге, қатысушыларды ынталандыруға жұмыс істейтін болады.
Ұйымдастыру комитеті биылғы байқауға 15 мың адам қатысатынына үміттеніп отыр.
Айта кету керек, маңызы спорттық шара 24 сәуірде өтеді.

Соңғы жаңалықтар