Ұзынағашта қаза тапқан үш ағайындының туыстары қылмысты екі адам жасады дегенге сенбейді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында қаскөйлердің қолынан қаза тапқан үш ағайындының туыстары қылмысты екі адам жасады дегенге сенбейді. Ал, марқұм Жарқынбек Долданұлының тұңғышы 13 жастағы Жалын қылмыскерлерге өлім жазасы берілсе дейді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне марқұм Мұқият Зарылханның туған ағасы Адал Зарылхан айтып берді.

Оның айтуынша, қаза болған туыстары оңайшылықпен дес бермейтін, қарулы азаматтар болған. «Олар өздерінің қолдарын өздері байлап бермесе, қалайша екі адамның күші үш адамға жетеді. Тіптен миға сыймайтын дүние», - дейді көзіне жас ала отырып Адал Зарылхан.

Адал өзінің туған бауыры Мұқият марқұмның мүлдем ішімдікке жоқ, спортпен үнемі шынығып жүретін, бала күнінен күреспен айналысқанын, осы спорт түрінен бірнеше рет жеңімпаз да атанғанын айтып отыр. Бойы аса жоғары болмаса да, денесі шымыр еді дейді.

«Жалпы Жарқынбек пен Қаділбекке бас көз болып, бизнестің басы қасында жүріп, саудаласатын да осы Мұқият болатын. Мұқият 1973 жылғы, ал, Жарқынбек Долдан 1979 жылғы, Қаділбек Әлімхан 1977 жылы туған. Қаділбек Әлімхан алып жігіт болатын. Салмағының өзі 100-ден асатын. Соңғы рет Құрбан айтта «салмағым 110 ға жақындап қалды» ,- деген Қаділбектің қалжыңы да есімде», - дейді ағасы Адал.

3 братья 2  

Қазір қаза болған 3 ағайынды марқұмның артында 8 баласы жетім, әйелдері жесір қалды. Балалардың ең үлкенінің жасы 13-те, ал кішісі 2-де ғана. Әкелерін бүгін жер қойнына тапсырған Жарқынбек Долданұлының тұңғышы 13 жастағы Жалын, қылмыскерлерге ең ауыр - ату жазасы бұйырса деп тілейді. Туыстарының сөзінше, Жалын әкесі Жарқынбек жоғалған сәттен бастап, бірден есейе түскен. Қарындастары Ділнәр мен Іңкәрға өзі баскөз болып жүр.

Айта кету керек, Алматы облысында жуырда мал сатуға келген ағайынды 3 азамат ізім-қайым жоғалып, артынша олардың өлі денелері табылған еді. Қазір 3 азаматты өлтірді деген күдікпен 2 адам ұсталды. Алайда, марқұмның туыстары қылмыскерлер әлі де бостандықта жүр деп күдіктенеді. Сол себепті аталған іс әділ жүрсе деп тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовқа тергеу барысын жеке бақылауға алуды тапсырып: «Қоғамдық қауіпсіздік және қылмыспен күрес бұл маңызды міндет. Біз мұны Үкіметтің жеке отырысында қараймыз», - деп атап өтті.

3 братья   

Соңғы жаңалықтар