Ұжымдық жігеріміздің арқасында «С5+1» форматы маңызды құралға айналды – Мұхтар Тілеуберді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан өзінің көпвекторлы және салмақты сыртқы саясатын жалғастырады. Осы орайда «С5+1» форматы біз үшін өзекті болып отыр. Бұл туралы «С5+1» форматындағы министрлер кездесуінде ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан өзінің көпвекторлы және салмақты сыртқы саясатын жалғастырады. Осы тұрғыда Орталық Азия да, АҚШ та біз үшін негізгі басымдықтар болып табылады. Осы орайда «С5+1» форматы одан да өзекті болып отыр. Біздің ұжымдық күш-жігеріміздің арқасында «С5+1» форматы маңызды құралға айналды. Ол біздің елдерімізді экономикалық және сауда байланыстарын нығайту және орталық мәселелерді тиімді шешу үшін біріктіреді», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Сонымен қатар министр «С5+1 форматы аясында түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынды.

«Қол жеткізілген жетістіктерге сүйене отырып, біз одан әрі қарай дамуға жылжуымыз керек. «С5+1» форматы ХХІ ғасырда климаттың өзгеруі, суды ұтымды басқару, техника дағдыларын үйрету және жастарымызға ағылшын тілін үйрету мәселелерін шешу үшін АҚШ-тан инвестицияларға және озық технологияларға қол жеткізу үшін тамаша платформаны ұсынады. Қазақстан үшін АҚШ Нидерландыдан кейін 60 млрд доллардың инвестициясын салған екінші ірі ел. Біздің екі жақты тауар айналымымыз 37 пайызға артып, 3,05 млрд долларға жетті», - деп нәтижелерге тоқтады Мұхтар Тілеуберді.

Сыртқы істер вдеомствосының басшысы «С5+1» форматына қатысушы елдердің делегациясын 8-9 маусымда өтетін «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Айта кетейік, қазір елордада «С5+1» форматындағы Орталық Азия елдері министрлерінің кездесуі өтіп жатыр. Оған Қазақстанға арнайы спармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де қатысып жатыр.


Соңғы жаңалықтар