Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы құжатында «үйлестіруші мемлекет» ұғымы пайда болады

None
Ашық көздерден алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы құжатында (ҰҚШҰ) «үйлестіруші мемлекет» деген ұғым пайда болады. Ол мемлекет ұйым атынан бітімгершілік миссияларға қатысуға және ұйымдастыруға жауапты болады.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясындағы сұхбат барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісім белгілі бір мәселелерді реттеуге бағытталған, осылайша біз ұйым аясында өзара әрекеттесуді жеңілдетеміз. Ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алдағы бірлескен міндеттерді орындау оңайға түседі. Бітімгершілікке келетін болсақ, бұл жолғы келісімдегі өзгеріс хаттамаға «үйлестіруші мемлекет» деген ұғым енгізіледі. Оның мәні БҰҰ-да қарулы контингенттер ұйым ретінде қабылданбайды, олар нақты мемлекеттен қабылданады», - деді Олжас Құсайынов сұхбат барысында.

Оның айтуынша, БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысу үшін ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы үйлестіруші мемлекетті айқындауы тиіс.

«Егер ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) белгілі бір бітімгершілік миссияларға қатысқысы келсе, онда ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекет атынан БҰҰ-мен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын бір ғана үйлестіруші мемлекетті айқындауы тиіс. Үйлестіруші мемлекетті ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды. Бұл аталған ұйымның ең жоғарғы органы, яғни бұл мемлекет басшылары», - деп түсіндірді Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.


Соңғы жаңалықтар