«Үздік педагог» байқауына өтінім қабылдау 25 қыркүйекке дейін ұзарды
2022 жылғы 22 қыркүйек 16:28

«Үздік педагог» байқауына өтінім қабылдау 25 қыркүйекке дейін ұзарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Үздік педагог-2022» байқауының бірінші кезеңіне қатысу үшін құжаттарды қабылдау тағы 3 күнге ұзартылды. Яғни қазақстандық мұғалімдер 2022 жылғы 25 қыркүйекке дейін құжат тапсыра алады. Бүгінгі күні веб-порталда тіркелген үміткерлер саны 4,4 мыңнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл байқауға қатысуға ниет білдіргендердің көптігін көріп отырмыз. Сол себепті конкурсқа құжат қабылдауды 25 қыркүйекке дейін, екінші кезеңге қатысу үшін 2022 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзарттық. Конкурсты өткізу тарихында алғаш рет біз оны электронды форматта өткізіп отырмыз. Бұл қатысушыларға байқаудың әр кезеңін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Қазір байқаудың үш кезеңі де автоматтандырылған», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Құжат қабылдау 12 қыркүйекте басталған болатын. Байқауға балабақшалардың, мектептердің, колледждердің штаттағы мұғалімдері қатыса алады.

«Үздік педагог» атағының иегерлеріне 3 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы ғана емес, төсбелгілер де беріледі.

Арнайы веб-портал арқылы өтінім беруге, конкурс құжаттамасын жүктеп алуға және барлық кезеңдегі ұпайларды бақылауға болады.

Байқау ережелері туралы қосымша ақпарат Оқу-ағарту министрлігінің сайтында да бар.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT