Үздік мемқызметші Алмат Игенбаев: Жақсы маман тың қадамдарға ұмтылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың маусым айында Астанада «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталған болатын.

Конкурсқа қатысушылар арасында тек саяси және әкімшілік қызметшілер ғана емес, әлеуеттік құрылымдардың қызметкерлері де бар. Марапаттау рәсімінде үздіктердің қатарынан ҚР Жоғарғы соты жанындағы Соттар қызметін қамтамасыз ету департаменті Халықаралық байланыстар және протокол бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде болған Алмат Игенбаев та көрінді. Қазіргі кезде ол «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотында тіркеушінің көмекшісі болып жұмыс істеп жатыр. Осы орайда үздік мемлекеттік қызметші ретінде көзге түскен маманның пікірін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

- Сіз «Қазақстан Республикасының 2018 жылғы үздік мемлекеттік қызметшісі» деген атаққа ие болдыңыз. Жалпы осындай жетістігіңіздің сыры неде?

- Жалпы, бұл конкурсқа үзеңгілестерімнен озып, жетістікке жеткенімді жария ету үшін емес, өзіммен өзім жарысу үшін қатыстым. Нәтижесінде, еліміздің 20 үздік мемлекеттік қызметшісінің қатарынан табылғаныма қуандым. Шынын айтқанда, жетістікке жетудің сыры немесе құпиясы жоқ. Жетістікті әр адам әртүрлі түсінеді, әртүрлі қабылдайды. Мен үшін жетістікке жетудің формуласы маңызды нәрселерді айқындай білуден, жығылсаң тұрудан, айналаңдағыларға адал қызмет етуден, ең бастысы, мұқият тыңдаудан, қызыға оқудан және тұрақты дамудан тұрады деп ойлаймын. Маған Авраам Линкольнның «жүрісім баяу болса да, кері қарай жүрмеймін» деген сөзі ұнайды. Сондықтан қиындықтарды, мақсаттарды еңсеру үшін бар күш-жігерімді салуға тырысып келемін.

- Өз өміріңіздегі ең мақтанарлық жетістіктеріңізді атап айта аласыз ба?

- Мен жетістіктерді үлкен немесе кіші, болмаса ең мақтанарлық деп бөлмеймін. Мақтанудың да мақсаты, жөні болуы керек сияқты. Шабыттандыратындай жетістіктер болса, атап айтуға, үлгі ретінде тәжірибемен бөлісуге болатын шығар. Мысалы, 15 жасымда «Алтын белгімен» мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына грантқа оқуға түскенім өсіп келе жатқан қызым мен ұлымның білімге деген ынтасын арттырады деп үміттенемін. Ал, 23 жасымда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде еліміздің атынан кездесулерге қатысып, ресми отырыстарда сөз сөйлегенім жастардың мамандық таңдауда дипломатияны да қарастыруына итермелеуі мүмкін. 2013 жылы Астанада өткен VI Қысқы қайырымдылық балына дебютант ретінде қатысу үшін іріктеуден өтіп, бидің төрт түрін үйренгенім кейбір адамдарға жауапты жұмысты бір сәт ұмытып, қоғамдық істермен де айналысу қажеттігі туралы ой тастаған шығар деп ойлаймын.

- «Жақсы маман» мен «жақсы адам» дегенді қалай түсінуге болады?

- Кәсіби деңгейін үнемі арттырып, тың дүниеге үйір жүретін, ізденімпаз әрі өз ісін шын қатты жақсы көретін адамды жақсы маман дер едім.

Ал күнделікті өмірде «жақсы» сөзінің сипаттамасы жиі кездесетін адам - жақсы адам. Ол адалдығын аямайтын жақсы дос, ата-анасын сыйлатын жақсы ұл мен қыз, бала-шағасының бақыты үшін еңбек ететін жақсы әке мен ана, жол ережесін бұзбайтын жақсы көлік жүргізушісі, жұбайын түсінетін жақсы күйеу немесе жар, сондай-ақ тілек-ниеті ортақ жақсы қонақ, еліне қызмет ететін жақсы азамат! Осының бәрі бір адамның бойынан табылса, ол жақсы адам болғаны!

- Сіз үшін бүгінде еліміздегі үлгі тұтар адамыңыз кім?

- Үлгі тұтар тұлға - ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, сонымен қатар өмір жолымда тоғысқан ұлы ұстаздарымды да үлгі тұтамын. Ол кісілерге құрметім де ерекше, алғысым да мол.

- Қандай кітаптар оқисыз?

- Мен кітапты оқу үшін оқымаймын, кітаптың алғашқы тарауларынан түйген нәрсемді бірден іске асыру үшін, түсінгенімді күнделікті өмірде пайдалану үшін оқимын. Себебі, кітапты жатпай-тұрмай қатарынан оқи бергеннен мәтінді оқу қабілетін ғана дамытасың. Сондықтан кітап оқуға күніне бір сағатқа жетер жетпес уақыт бөлуге тырысамын. Жақында сатып алған Райан Холидей атты жазушының «Дейли Стоуик» («The Daily Stoic») атты кітабын оқи бастадым. Бұл туынды өзіңді күнделікті жетілдіріп отыруға итермелейтін қағидалардан тұрады. Арасында ағылшын тілінде Артур Конан Дойльдің «Шерлок Холмс» атты жинағын қайталап оқып тұрамын. Жатарда Ричард Кохтың 80/20 принципі атты кітабын орыс тілінде оқып жүрмін. Ал қазақ тіліндегі әдеби кітаптарды кішкентайымнан оқимын. Қазір kitap.kz сайтын ашып, қалаған кітабыңды онлайн оқи беруге болады.

- Ал енді сіздің шетелден алған біліміңізге оралсақ. Сіз үшін «Болашақ» бағдарламасының артықшылығы немесе сіздің өміріңіздегі орны қандай?

- «Болашақ» бағдарламасына қатысқанымды шөлейт жерде жаяулап келе жатып, асау айғырға қарғып мінгенге теңер едім. Бұл айналамдағы атты кісілерден қалыспайын деп, ел игілі әрі өз болашағым үшін шетелдік үздік білімді алуға бел буған батыл шешімім еді. Шетелдік университетте құқық саласындағы арнайы білім мен ағылшын тілін жетілдіруді бөлек қойғанда, жүйелі ойлау, құрылымды жазу, түсінікті жеткізу сияқты қабілеттерім шыңдалды. Ағылшын тілінде үйренген тәсілдерді қазақ және орыс тіліндегі ойлау, жазу және сөйлеу мәнеріме тасымалдап алдым деп те айтуға болады. Жеке адам ретінде түбегейлі өзгердім. Бұл «Болашақ» бағдарламасының маған ашқан бір ғана мүмкіндік есігі екенін ескерсек, әлі оның талай жылдар бойы берекесін көріп, жемісін жейтініме кәміл сенемін. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы берген мүмкіндіктерді ат қып мініп, алдымдағы биік белестерден алқынбай аса беремін деп үміттенемін.

- Жалпы, жастарға шетелден білім алу қажет пе?

- Жастарға білімді қай жерде алса да өте қажет. Шетелде білім алудың ерекшелігі - бәсекеге қабілеттілікті бірнеше сатыға бірден көтеруге мүмкіндік береді. Білім спорт сияқты, әлемдік деңгейде жарысамын десең сол биік талаптарға сай болуға тырысасың. Бұл бағытта бақ сынасам деушілердің тобын жарып шығу үшін қыруар күш жұмсайсың, шаршамай ізденесің, қызу бәсекенің ішінде шынығасың. Алайда, шетелде білім алу бір бөлек, оны ел игілігіне пайдалана білу екінші бір мәселе. Сондықтан адам ең алдымен білімнің қай саласын, қай қырын, қандай мақсатта шыңдайтынын ертерек шешіп алғаны жөн. Ал мақсаттары биік, армандары асқақ адамдарға үздік шетелдік білім, әлемдік тәжірибе ауадай қажет нәрселер деп білемін.

- Біздің елдегі жоғары оқу орындары мен шетелдік жоғары оқу орындарын салыстырған кезде басты айырмашылық неде?

- Негізгі айырмашылықтардың бірі: шетелдік білім беру әдісі әр адамның өз үлесін қосуына негізделген. Бұл студенттің маман ретінде қалыптасуына ғана емес, ғылымның да ілгерілеуіне жол ашатын жүйе. Мысалы, Лондон университетінде заң факультетінің студенттеріне бір сабаққа оқып келуге отызға жуық кітап пен ғылыми мақала тізімі беріледі. Кейін семинар кезінде мұғалім студенттерге бағдар бере отырып, тақырыпты еркін форматта жан-жақты талқылауға шақырады. Мұндай пікір алмасу бір жағынан тақырыпты әртүрлі қырынан қарастырып, оның мазмұнын ашуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан материалды терең түсініп алуға жағдай жасайды. Дәл сол сияқты, эссе жазғанда да оны сауатты әрі құрылымына қойылатын талаптарына сай жазып қана қоймай, студент ең алдымен түйгенін өз сөзімен жеткізуге баса назар аударуы тиіс. Демек, шетелдік білім беру жүйесі студентке еркіндік бере отырып, өз пікірін ортаға салуға, түсінгенін өз сөзімен жеткізуге, тіпті қасықтай болса да үлесін қосуына жағдай жасауды көздейді. Бұл тәсілдердің ғылым саласына да, білім алуға келген студентке де тигізетін пайдасы зор.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар