Ұзату тойлары ұлттық дәстүрден алшақтап барады - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Түйе-мұрындық - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

«Келін-ау, мыналарды жол-жөнекей «түйемұрындық» сұрағандарға берерсің, - деп кәдеге толы түйіншекті ұстата берді қалыңдықтың анасы көшті бастаушы түйелі әйелге. Қазақ салтында қалыптасқан дәстүр бойынша қызы ұзатылып келе жатқанда көш алдынан көрші ауылдың әйелдері мен жастары шығып, арқан керіп, не түйе бұйдасынан ұстап оны жүргізбей, «түйемұрындық» деп кәде сұрайтын болған».

«Оңтүстік Қазақстан» газеті осындай көшпен бірге ұмыт бола бастаған дәстүр туралы жазған екен. Жазуынша, бұндай көш бастаушы әйелдің үйлестіретін кәдесі арқылы ауыл тұрғындары кімнің баласы үйленіп, олардың қай ауылмен құда болғанын біліп отырған екен. null

«Ол кезде кеткен қызбен бірге ботасын ауылда алып қалып, інгенді қыз көшімен бірге жіберетін болған. Дүние-мүліктің ешқайсысы өзге елге түскен жас келінге дәл түйедей мұңдас бола алмас. Ол бауыр еті ботасын тастап өзге өңірге аяқ басса, қыз балалық шағы өткен ауылы мен ата-анасын, бауырларын, достарын тастап жат жұртқа қадам басады. Екеуі талай рет мұңдасар іштей...» деп жазады газет.

Айта кетерлігі Түркістан облысында осындай игі шара ұйымдастырылыпты. «Түйемұрындық» үшін Дермене ауылдық округіне қарасты Саналы ауылын әдейі таңдалыпты.

Ұзату тойлары ұлттық дәстүрден алшақтап барады - «Арай» газеті
null
Қазақ тойды халықтың қазынасы деп санайды. Ол рас та. Өйткені қазақтай тойды көп жасайтын ел кем де кем шығар. Алайда сол қаптаған тойлар бүгін қалай өтіп жатыр деген мәселе баспасөзде жиі талқыланады. «Арай» жастар газеті де осындай тойлардың бірі - қыз ұзатуда жөнсіз жоралғылардың көп орын алатынын көтеріпті.

«Биыл жазда болған ұзату тойдың бірінде шашсыз шыққан бойжеткеннің қолын жоғары көтеріп, ерсі қылық көрсеткені әлеуметтік желіде отыратын әлеуметті дүр сілкіндірген еді. Ол БАҚ беттерінде берген сұхбатында бұл әрекетін алдын ала фотографтың кеңесімен жасағанын және шашын саналы түрде өзгеше болсын деген ниетпен сыпырып тастағанын айтып, жұрттың жағасын ұстатты».

Осыған байланысты газет тілшісі көпті көрген аналардан жөн-жосық сұрап, пікірлерін берген. Мәселен, сондай аналардың бірі қазіргі қыздардың психологиясы тым бөлек екенін алға тартады, ал тәрбиедегі кемшіліктер әсіресе, той-томалақтарда қатты білінетінін айтады.

«Мәселен, бұрындары қыз ұзатуға бара қалсаңыз, тұрмыс құрғалы отырған бойжеткендер жүзін төмен салып, болашақ ата-аналарының көзіне оғаш мінезбен түсіп қалмайын деген сыңай танытушы еді. Қазір керісінше барлық «өнерлерін» көрсетеді. Тіпті, тойларда әне-міне босаға аттағалы отырған қыздар құрбыларымен қосылып тайраңдап «Флешмоб» билейді, болмаса микрофон ұстап алып, әке-шешесінен ұялмай болашақ күйеуіне ән арнайды. Ән айтқысы келсе, оңашада қалғанда шырқасын. Ал, енді ұзату тойында сыңсу емес, кәдімгі ән айтқаны дұрыс емес деп ойлаймын», - дейді ардагер ұстаз.

Бұл ретте пікір білдіруші ұстаз ұзату тойларына арнайы шақырылып, ән салатын, қызды ұзатып, қолынан ұстап шығарып салатын әйгілі әншілердің де өмір-тарихына бір қарап алуға кеңес береді. Артынан көп сөз еріп жүрген танымал әншінің үлкен тойда бойжеткенді ұзату үшін қолынан ұстап қызмет көрсетуі де «құтты орнына қондыру» деген ниетке сай болмайтынын айтады.

Минскіде қазақы дәстүрмен әрі мінсіз өткен үйлену тойы - «Дидар» газеті
null
Той демекші «Дидар» газетінің жазуынша, жақында Минск қаласында беларусь ұлтының азаматы Дмитрий Шаплико үйлену тойын қазақтың салт-дәстүрімен өткізіпті. Той иесі - Дмитрий Өскемен қаласында «Айтас.kz» акционерлік қоғамының жобалаушы-менеджері қызметін атқарады екен. Осында жүріп, қазақтармен қоян-қолтық араласып, достасып, сыйласымы жылдан-жылға арта түскен. Шығыс Қазақстанда жүріп достарының үйлену тойларына талай қатысып, қазақтың салт-дәстүріне ерекше қызыққан көрінеді. «Үйленсем тойымды Беларусьте қазақтың бай салт-дәстүрімен өткізем» деген арманына Минскте тұратын ата-анасына, өмірлік зайыбы Валерия да қарсы болмапты.

«Сонымен өткен айда Дмитрий Шаплико үйлену тойын қазақтың отау құру салт-дәстүрімен өткізді. Оның басы-қасында болғандар арасында «Айтас.kz» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толықбаев, Семей қаласынан ақын, бұлбұл көмей әнші Берік Омаров, Рәбиға Тоқсейітова, еңбек ардагері-құрылысшы Бақболат Сағымбайұлы, қоғамдық тілші Қайырхан Қазыбекұлы және бір топ Дмитрийдің қызметтес достары бар, олар арнайы шақырумен тойға қатысып, қызықтың куәсі болып қайтты. Бұлардың бәрі де ұлттық киімін киіп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін тойшыларға таныта білді. Дәстүр бойынша беташар алдында ұлтымыздың сүйікті әні «Гәкку» орындалып, шашу шашылып, қалыңдықты бүкіл қауым қошеметпен қарсы алысады. Келіннің бетін Берік Омаров ашып, тойдың сәнін келтіріп, беларусьтердің таңдайын қақтырып, қызыққа бөледі. Беташу сәтінде қалыңдықтың жеңгелері екі жағында қазақтың ұлттық киімін киіп, көпке ілтипат танытып тұрса, туыстарына қалыңдық сәлем берген сайын табаққа ақшалай көрімдік түсіп жатты».

Бұл ғана емес тойда қазақ дәстүрімен құдағиға бешпент пен шапан жауып, бас киім сыйланған. Тіпті дастарқанға жайғасқан соң, ас алдында ұландық Бақболат қария жастарға бата беріпті. Батадан соң новосібірлік Людмила Чубик әжей қазақтың шашу ырымын жасап, халқымыздың ерекше бір салтын беларусьтерге танытыпты.

«Мен бүгінгі тойыма қатысып, қызығымды бөліскен қазақстандық достарыма дән ризамын. Қазақстанда еңбек етіп, суын ішіп, топырағын басып жүрген соң Беларусьте қазақтың үй болу, неке қию салт-дәстүрін танытқым келді. Өйткені, қазақ халқы - өте бауырмал, ақ көңіл, қонақжай халық» депті той иесі Дмитрий.

Асабалар алқалы жиын жасап той мәселесін талқылады - «Орталық Қазақстан» газеті
null

«Орталық Қазақстан» газетінде де той мәселесі талқыға шығыпты. Мұнда басқа емес сол тойды жүргізетін асабалардың алқалы жиыны өтіпті. Шындығында той мәдениеті, оның қадірі туралы сөздің бір ұшы асабаларға тиеді. Сондықтан асабалардың кнференциясы сұранып тұрған тақырып болса керек. Жиын барысында асабаның аға буыны жас тамадалардың өрескел дүниелері мен олқылықтарын ортаға салып, сынап та, сыбап та алыпты.

«Қазақтың тойы - тәрбиенің құралы, мәдениеттің көрсеткіші. Әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді насихаттап, өнер жарыстыратын - торқалы тойдың өзі болған бұрындары. Ал, қазіргі тойдың мән-мазмұны да, маңыздылығы да мүлдем басқаша. Жаңашаланды дейсіз бе, әйтеуір, көз куә».

Мақалада той мәдениеті туралы да айтылып, ондағы келеңсіз тұстар, орынсыз ойындарға да назар аударылыпты.

«Қораздарша иық қағыстыратындар да ұшырасады. Осының бәрін «қызық» деп санайтын асабалардың әлсіздігі де осында. Бір ғана мысал келтірейін. Қыздың бөксесін домбыра қылып, «Адай» күйін тартқан тойды да көрдік. Желіде бұдан сорақылары да жүр. Бұған не айтамыз? Баба аманатын арудың бөксесіне телитіндей не көрінді қазекеңе?! Міне, бүгінгі тойдың мәдениеті, дәстүріміздің дәріптелген сыйқы осы. Айналып келіп, бұл да асабаның мойынына жүк болады».

Тойдағы кемшіліктер дегенде «ысырап», «тойға кешігу», «ұзын-сонар тілектер саны» секілді дүниелер де сөз болыпты. Түптеп келгенде асабалар талқысының төркіні - қазақтың тойын байыпты, дәстүрге сай өткізу болыпты. Әлбетте дұрыс мәселе. Өйткені, тойға барып, әр нәрседен көңіл қалып қайту дұрыс емес. Керісінше, торқалы тойдан көңілің марқайып, рухани азық алып шыққанға не жетсін?!

Қымбатшылыққа кім кінәлі? Нан бағасы да долларға тәуелді ме? - «Сарыарқа самалы» газеті

null  
Павлодар облыстық газеті бірқатар наубайханада нан мен нан-тоқаш өнімдерінің бағасы қымбаттағанын жазып, осыған қатысты баға мәселесін сараптапты. Жазуынша, Павлодар қаласындағы дүкендерде бір бөлке нанның кейбір түрі 70 теңгеден 75 теңгеге, 75 теңгеден 80 теңгеге дейін қымбаттаған. Аймақтағы елді мекендердің басым бөлігіне нан және нан-тоқаш өнімдері облыс орталығынан жеткізілетінін ескерсек, ауылдық аймақтардағы бағаның да қымбаттай түскені анық. «Бағаның құбылуына не себеп?» деген газет тілшісі осы сауалға жауап іздейді.

Кейбіреулер нан бағасының 15-20 пайызға қымбаттауы астық өсірушілерге тікелей байланысты екенін айтқан. «Қазіргі уақытта 3-інші класты бидай аз, тіпті жоқ десе де болады. Шаруалар жаңа өнімді жинауға енді кірісіп жатыр. Нарықта астықтың аздығын пайдасына шешкен кей пысықайлар бағаны күрт өсіріп жіберді. Бүгінде бидайдың бір тоннасының бағасы 47 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін жетті. Шикізаттың бағасы өскендіктен, нан мен ұннан жасалатын өзге де тағам түрлері құнының артуы - заңдылық» деген екен пікір білдірген маман. Сонымен қатар, нан пісірушілер астықтың басым бөлігі сыртқа экспортталатынын айтып, елімізде сапасыз түрі бұйыратынын, тіпті кейде жетпей қалатынын алға тартыпты. Астық сатушыларды бірінші кезекте жергілікті нарықты қамтып, содан соң ғана сыртқа шығаруға міндеттеу туралы ұсыныс та көтерілген.

Бір қызығы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті облыстық департаментінің өкілі нан бағасының өсуі заңсыз болса шара қолданатынын ескертіпті. Ең қызығы департамент өкілі «АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамының өсуі нанның бағасына әсер етуі әбден мүмкін» деген пікір де келтірген. Бұл ретте мамандар нан-тоқаш өнімдерін орайтын қаптама шеттен сатып алынатынын алға тартұқан көрінеді.

Айтпақшы нан бағасы ғана емес жұмыртқа да долларға тәуелді секілді. Өйткені оның да бағасы нарықта құбыла бастапты. Өйткені, басқаны айтпағанда жұмыртқа да арнайы қаптамаға салынып сатылады, ал ондай қаптама Қазақстанда жасалмайтын тәрізді.

«Қазақтану»: жаңа жобаның жаңалығы неде?- «Атырау» газеті
null  
Өңірлерде «Қазақтану» жобасы жүзеге аса бастағаны белгілі. «Атырау» газеті де осы жоба туралы жазыпты. Соның ішінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Берік Әбдіғалидің осы жобаның мән-мақсаты жайлы пікірін келтіріпті.

«Қазақстандағы тұрақтылық мемлекет құраушы ұлтқа, яғни, қазаққа тікелей байланысты. Өйткені, бүгінде басқа ұлттар қазақты терең танып, тілін білсе, қазақ дүниетанымын, тарихын оқып білетін болса, ол халықты біріктіреді. Біздің қоғамдағы қарама-қайшылықтың көбісі ең бірінші қазақ тілі мен тарихын, қазақтың мінезі мен сана-сезімін, мәдениетін білмегендіктен туындап жатады. Шын мәнінде біз мемлекет құрушы ұлт, халықтың көпшілігі болғандықтан, ұлтымыздың асылын жұртқа танытудың маңызы жоғары. Сондықтан, «Қазақтану» жобасы - өзге ұлт өкілдері мен қазақтың арасын жақындату, бір ұлтты кеңірек тану тақырыбындағы көлемді жұмыс. Әрине, Қазақстандағы этностар мен қазақтар өзара танысып, бір-бірінің тарихта жүріп өткен жолына қанығып, татулық пен бірлікте өмір сүрсе, елде үнемі тұрақтылық болмақ. Бір-бірін тану, түсінуге ұмтылудың өзі халықты жақындастырады. Қазақтың ұлттық құндылығын, дәстүрін насихаттау, киелі жерлер арқылы қазақты тануға қызығушылық тудыру - «Қазақтану» жобасының негізі. Сондықтан да біз осы жобаны толықтай қолдап отырмыз», - деген екен Берік Әбдіғали.

Түйткілі көп түнгі клуб - «Орал өңірі» газеті
null
«Ресми деректерге сүйенсек, Орал қаласында 50-ге жуық түнгі ойын-сауық орны бар. Оларға кірудің құны да әр түрлі. Ең арзаны 1000 теңгеден басталады екен. Ата-әжелеріміздің тілімен айтқанда, «жын-ойнақтың ордасы» - түнгі клубтарға жастар неге әуес? Келушілерді онда қандай тосынсыйлар күтеді? Жасөспірімдер түнгі мезгілде көшеде жиі жүре ме?». «Орал өңірі» газеті осы сауалдарға жауап іздепті. Бұл үшін жергілікті полициямен арнайы түнгі рейдке де шыққан.

Тілшінің жазуынша, қазіргі жастар бұл уақытта компьютерлік клубтар мен кальян шегетін орындарға әуес екен. Журналист рейд барысындағы жастардың жүріс-тұрысына да таңғалысын жасырмайды.

«Бұрындары ауылда полиция формасын киген адам жүрсе, сескене қарайтын едік. Өйткені ауылымызда бір ғана полиция болатын. Мінезі жайлы, мүмкіндігінше, отбасылық мәселені, көршілер арасындағы кикілжіңді ушықтырмай, ымыраға келтіріп жіберетін жан еді. Тіпті ауыл тұрғындарын шошытып алмайын дей ме, қызметтік формасын күнде кимейтін. Соған үйреніп қалғандықтан, ауылда формамен жүрген тәртіп сақшысын көрсек, іштей үрейленетінбіз. Қазіргі рейд барысында байқағанымыз, 18 жасқа жаңа толған бойжеткендер тәртіп сақшыларымен емін-еркін сөйлеседі. Тіпті кейбіреуі «Ағай, кімді іздеп жүрсіз?», «Жұмысыңыз қалай?» деп қояды».

Мақалада түнгі клубтардағы қылмыстар, оның салдарынан орын алатын кісі өлімі туралы жазылған. Рас, соңғы жылдары дәл осы түнгі клубтармен қатысты қылмыс өршіген. Және бір қызығы тәртіп сақшылары көңіл көтеретін ойын-сауық орындарын кез келген уақытта тексере алмайды және полиция формасымен кіре алмайды екен. Өйткені көңіл көтеретін ойын-сауық орындары жеке сектор болып табылатындықтан, бейуақытта мазалап, тексеріс жүргізуге мораторий жарияланған.

«Бір сағатқа жуық түнгі клубта жүргенде байқағанымыз - даңғаза музыка мен қызылды-жасылды жарық шамдар адамның ойлануына мүмкіндік бермейді екен. Ойын-сауық кешіне келгендердің көпшілігі спирттік ішімдік пайдаланады. Санасы уланған адамның өз іс-әрекетіне жауап бере алмай қалуы мұндағы қонақтар үшін қалыпты жағдай іспеттес».

Гобби сопы немесе Сұлтан үпі кім болған? -«Маңғыстау» газеті
null
«Гобби» дегенде кей оқырман әйгілі опера әншісі, режиссер Тито Гоббиді еске алуы мүмкін. Алайда мақала авторының жазып отырған «Гоббиі» мүлдем басқа.

«Көне басылымдарда «Қожа Ахмет Ясауидің 1149 шәкірті болған. Соның ішінде бір жылда бітірген 363 шәкіртін Маңғыстауға жіберген. Солардың 362-і Маңғыстауға жетіпті де, біреуі жете алмай қалған екен. Оның есімі Гобби екен» деген аңыздар бар. Мұны жеткізуші Ізбасар Шыртанов. Кейін «Аңыз түбі - ақиқат, миф түбі  тарих» деп өткен Серікбол Қондыбай осы аңызға келісім танытады. Бірақ қарапайым логиканы іске қоссақ... Әлқисса Серікбол Қондыбай ізімен Гоббиді қазақша Құбби делік. Біз Сұлтан үпінің азан шақырып қойған есімі Құбби қожа екендігін білеміз. Әлбетте Маңғыстауда Сұлтан Құббидан өзге Гобби болуы әсте мүмкін емес! Алайда аңыз бойынша Гобби Маңғыстауға жете алмай қалды емес пе? Ал Сұлтан Үпінің бейіті осында орын тепкен».

Мақалада Маңғыстау жерінде сопылық ілімді таратушы Сұлтанепе (кей жерлерде Сұлтан үпі деп аталады) жайлы жазылады. Жазуынша, Сұлтанепе (шамамен 12-13 ғғ.) ҚұлСүлейменнің немересі, оның есімі ел ішінде «Баһырғани» жазбасының иесі, сондай-ақ су апатына тап болғандардың қорғаны ретінде де белгілі болған. Кезінде адамдар «Сұлтанепе, сақтай гөр пендеңді су апатынан» деп сиынған екен. Сондай-ақ күн күркірегенде де осы кісінің атын атайтын болған.

«Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан Жылаған ата тарихи табиғи орынын біз өз болжамымыз бойынша Нұқ пайғамбардың түркілік варианты деп есептесек, жоғарыда айтылған Сұлтан үпі (Сұлтанепе) әулиеден де, ол туралы тарих тудырған аңыз, хикаялардан да Су патшасы Сүлейменнің түркілік вариантын көруімізге болады. Маңғыстауға жетпей жығылған Гобби сопы мен ел ау¬зындағы аңыздар бізді осындай қызық тұжырым жасауымызға әкеп итермелеп отыр» деп жазады автор.

Мақалада автор тек өз жорамалын ортаға салғанын, мұның анық, қанығын тарихшылар мен зерттеушілер, дінтанушылар мен өзге де мамандар анықтауы тиіс екенін жазады. Дегенмен, іске асуы тиіс дүние ретінде аңызға арқау болған тарихи¬мәдени ескерткішті жақсы қалпында сақтап қалу қажеттігі айтылады.

Талайды таңдай қақтырған Тәшубай сиқыршы - «Бұқара» газеті
null

«Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жылдары бұрынғы Семей облысының аудандарын аралап жүріп, адам айтса нанғысыз таңғажайып сиқырлар көрсеткен ұландық Тәшмағамбет Ерғазыұлы жайлы естуіңіз бар ма? Жоқ болса, таңдай қағып таңырқауға дайындала беріңіз!» деп жазады Бұқара газеті. Тілші Зайсан қаласында фельдшер болып қызмет етіп, талай адамның дертіне дауа таба білген Тәшубай сиқыршы жайлы мағлұмат жинау үшін оның немере інісі Әнесқан Ыдырышұлын әңгімеге тартқан екен. Жазуынша, Тәшмағамбет Ерғазыұлы 1900 жылы Өскемен уезі, қазіргі Ұлан ауданы, Айыртау болысына қарасты жетінші ауылда дүниеге келген. 16 жасында әке-шешесінен айырылып, нағашысы Мәкет Өнжейұлының қолында қалады. Жастайынан пысық-ширақ, зерек болып өскен Тәшмағанбет медресе бітіріп, орысша сауат ашқан.

Мақалада Тәшубай туралы түрлі әңгімелер жазылыпты. Солардың бірі: Тәшмағамбет Ерғазыұлы Зайсан қаласында фельдшер болып қызмет еткенде ауырған адамдарды көбіне дәрімен емес, гипнозбен емдеген екен. Бірақ оның дәрігерлік оқуды қашан және қай жерде оқығаны жөнінде нақты дерек жоқ. 1937 жылы Зайсанға аудандық НКВД бастығы болып бір қазақ жігіті келеді. Ауданның бір топ қызметкері сол жігітті ішінде Тәшубай да бар, тағы да бірнеше адамды әйелдерімен қонаққа шақырады. Тәшубайды НКВД бастығына таныстырғанда олар бұл адамның ерекше қасиеті бар екенін, неше түрлі күлкілі сиқыр ойындар көрсететінін айтады. «Көп жігіттерді балдыз деп ойнап, оларға жұмыртқа тапқызып, ит қылып үргізіп қояды екен» дегенде, әлгі бастық: «Бұл сендерді алдап, надандықтарыңды пайдаланып жүр ғой. Мықты болса маған істесінші соны» дейді. Тәшубай оған: «Мен ондай ойындарды мына балдыздарыма істеймін. Сізге ондай ойын істеу ұят болады» дейді сыпайылық танытып. Сонда анау: «Міне, айттым ғой, ол мен сияқты көзі ашық адамға ондайды істей алмайды» деп тағы да намысқа тиетін біраз сөздер айтады. Сонда Тәшубай ашуланып кетіп, анаған қарай қолын сермеп қалады. Осыдан кейін НКВД бастығы тізерлеп отыра қалып, жағалай отырған кісілерге ит болып үріп шыға келеді. Бұдан соң қайтадан қолын сермегенде анау қоя қойып, бәз қалпына түскен. Отырғандардың қыран-топан күліп жатқанын көріп, бұлардың өзін мазақ қылғанын білгенде ол әйелін ертіп алып, тамаққа да қарамастан кетіп қалыпты. Ертесінде өштескен НКВД басшысы Тәшубайды шақыртып алып, түрмеге жаптырған. Милиционер оны апарып абақтыға кіргізіп, сыртынан құлып салып жатса, Тәшубай жанында тұрады. Сонда Тәшубай оған: «Сен мені қамай алмайсың» дейді. Милиционер «неге?» деп абақтының есігін ашып қайта ішіне кіргізіп есігін жапса, Тәшубай тағы да жанынан шыға келеді. Содан кейін ол бастығына келіп болған жайды баяндаған. Қолынан келер басқа ишарасы қалмаған бастық оған «Жарайды, үйіне қайтар» дейді. Ақыры сол 1937 жылы НКВД басшылары Тәшубайға «Саған мынау ешкім тиіспесін деген қағаз жаздырып береді» деп алдап, бір милиционерге ертіп жібереді де, түрменің бір түкпір жағына барғанда білдірмей атып тастайды. Ал сүйегінің қай жерге көмілгені белгісіз қалды. Өйткені ол кезде «халық жауы» деп кісілерді жиі-жиі атып, апарып жалпы зиратқа көме салатын. Міне, осылайша дарынды да, қасиетті талай азаматтардың түбіне жеткен сұрқия саясаттың құрбаны болғандардың бірі осы - Тәшубай сиқыршы».

Жұрт жадындағы Жүргенов - «Ақтөбе» газеті

null
Көрнекті мемлекет қайраткері, ұлтымыздың 1937-де жазықсыз атылған ардақты перзенттерінің бірі - Темірбек Жүргеновтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. «Ақтөбе» газеті «Темір нарком» атанған Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік тұлғасы туралы жазыпты. Мақалада қайраткер замандастарының естеліктері арқылы оның адам ретіндегі болмысына, айналасындағылармен қарым-қатынасына, қуаныш-реніштері мен ұстаным-көзқарастарына мән берілген. Мақаладағы естеліктерден Жүргеновтың ұлт мүддесін, ұлттың тілін қалай қызғыштай қорғағанын да көруге болады.

Соның бірі: «Ахмет Жұбанов кейін былай деп еске алады: «Отыз үшінші жылдың күзінде «Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпаны» оқылады екен» деген хабармен қадірменді ағам Құдайберген Жұбановқа еріп, мен де Үкімет үйіне келдім. Жазушылар, ақындар бар екен. Темірбек мәжілісті өзі басқарды. Бұл менің Темірбекті бірінші көруім болатын. Үстінде сұр гимнастерка, аяғында етік, галифе шалбар, шашы қаншама кейін тарап қойғанмен, тікірейіп кете береді, жатпайды. Темірбек көп сөйлеуді жек көретін, нағыз істің адамы еді. Ол екі ауыз ғана сөзбен мәжілісті ашты да, Мұхаңа пьесаны оқытты. Әрине, сол кездің өзінде жиырмадан аса пьесаның авторы болған, майталман драматургтің мына туындысы да тыңдаушыларды қанағаттандырды. Тек өзінің соңғы қысқа сөзінде Темірбек:

- Мұхтар! Осы Басыбар демей-ақ, сол шалдың азан айтып қойылған Көтібар атын өзіне қайтарсаң қайтеді? Қаншама мәдениетті ат қоямын, жаңа буыннан ондайды жасырамын дегенмен, адамның басы болса, басқа жақтары да болатынын бәрі де біледі ғой. Шекспир бұл жағынан аса қысылып-қымтырылмаған деседі ғой! - деді. Отырғандар да біраз күліп, Мұхаң бұл ұсынысты қабылдап, сол арада келісім беріп, Көтібар өз атымен қалды».

Соңғы жаңалықтар