Ұйықтап жатқанда өлтірген: Жетісу облысында күйеуін пышақтаған әйел сотталды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысында ұйықтап жатқан күйеуін пышақтап өлтірген әйел 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Текелі қаласының тұрғыны Евгения Киценко 30 жастағы күйеуін өзі өлтіргенін мойындап отыр. Ол бұл қылмысты жолдасы ұйықтап жатқанда жасаған. Ішімдік ішіп келген күйеуі жанжал шығарып, ұйықтап қалған. Сол мезетте әйелі жүрек тұсына 6 рет пышақ сұққан. Ал күйеуінің мәйітін үйінде 25 күн бойы жасырған - қонақүй бөлмесіндегі еденді ашып, мүрдені сол жерге көміп тастаған. 25 күннен кейін полицияға қылмысы жайлы өзі хабар берген.

Е.Киценко 15 жасында тұрмысқа шыққан. Жолдасымен 9 жыл бір шаңырақ астында өмір сүрген. Екеуінің ортақ үш баласы бар. Бірақ күйеуінің қалауымен азаматтық некеде өмір сүрген.

«Күйеуім екеуіміздің арамызда кикілжің ылғи болды. Ішімдігін ішіп алып, маған да, балаларымызға да күн көрсетпеді. Сөйлесем де, сөйлемесем де жақпадым. Үйде ылғи жанжал болатын. Тіпті менің далада түнеген күндерім де аз емес. Полицияға шағымдандым, бірақ олар тек заң аясында оны әкімшілік жауапкершілікке ғана тартып, 10-15 күнге қамап, қайта жіберетін. Себебі, заң солай, осал. Міне, отбасылық жанжалдың соңы осылай адам өлімімен аяқталып тұр. Жарайды, 15 жылдан кейін мен шығамын. Бірақ балаларымның тағдыры не болады?!»,- деді ҚазАқпарат тілшісіне сотталушы Евгения Киценко.

Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов балаларға қатысты бөлек үкім шығарды. Оған сәйкес олар балалар үйіне немесе басқа да мекемелер қамқорлығына беріледі.


Соңғы жаңалықтар