Үйлері суытқан өскемендіктерге жылу ақысы қайтарылмақ

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында үйлері суытып кеткен тұрғындарға жылу ақысы қайтарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

27 қараша күні Өскемендегі жылу электр орталығында ақау шыққан болатын. Соның салдарынан қала тұрғындары үйлерінде жылудың азайғанына шағымданды. Көп ұзамай ЖЭО мамандары ақау жойылып, жұмыс штатты режимде жүріп жатқанын мәлім етті.

Алайда әлі де кей өскемендіктер үйлерінің суық екендігін айтып отыр. Белгілі болғандай, бұған желілік су температурасының төмендеуі себеп. «Өскемен жылу жүйелері» АҚ дерегінше, ЖЭО-да техникалық ақауларға байланысты қараша айының соңында жылу режимі бұзылған. Аязда су температурасы 110 градусты құрауы тиіс. Алайда үйлердегі су температурасы 80-86 градусты ғана көрсеткен.

«Тұтынушыларға желілік су температурасының төмендеуі тіркелген нақты күндер үшін қайта есептеу жүргізіледі. Бұл айдың соңғы күндерінде болғандықтан, қайта есептеуді желтоқсан айында жүргіземіз», - дейді мекеменің қаржы директоры Алла Фатеева.


Соңғы жаңалықтар