Үйлерді су басуы мүмкін: ШҚО құтқарушылары тұрғындарға ескерту жасады

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 7-9 сәуір күндері көшелер мен үйлерді су басу қаупі күрт артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7-9 сәуірде ауа температурасы жылынып, нөсер жаңбыр жауады деп болжанып отыр.

Соған байланысты облыстың батысында, оңтүстігінде және солтүстік-шығысында қатты жаңбырға байланысты көлбеу ағын пайда болып, өзендердегі су деңгейі күрт көтерілуі ықтимал.

Осының салдарынан көшелер мен үйлерді су басуы мүмкін.

«Азаматтарға мұз үстіне шықпауға, үй маңындағы аумақты қардан тазартуға, құжаттарды, қажетті заттар мен дәрі-дәрмектерді дайындап қоюға кеңес береміз. Өзіңізбен алып кете алмайтын бағалы заттарыңызды биік жерлерге шығарып қойыңыз. Малды қауіпсіз жерге апарыңыз. Жағдай күрделеніп кетсе эвакуациялануға дайын болыңыз», - деп ескертті құтқарушылар.



Соңғы жаңалықтар