«Ұйқыдағы ауылдар» - Калачи мен Красногорскінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Есіл ауданының әкімі Талғат Ерсейітов «ұйқыдағы ауылдар» - Калачи және Красногорск тұрғындарының бүгінгі тұрмыс-тіршілігі жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте Талғат Ерсейітов алдымен, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ахуалына тоқталды.

«Ауданда ауыл шаруашылығы, индустрияландыру, шағын және орта бизнес саласы өндірілген өнім көлемі бойынша жақсы динамика сақталған. Мәселен, жыл қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5813,9 миллион теңгені құраса, өнеркәсіп саласында 3748,2 миллион теңгенің, ауыл шаруашылығы саласында 23425,7 миллион теңгенің өнімі өндірілген», - деп атап өтті ол.

Атап өтілгендей, бүгінде ауданда 561,1 мың гектар алқап цифрландырылған.

«Өткен жылы 561,1 мың гектар егістік алқап цифрландырылды. Сонымен қатар, 92 мың гектар жайлымдық, 1,9 мың гектар шабындық жəне 45,7 гектар көпжылдық егістік жерлерге де цифрландыру жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биылғы жылы одан әрі жалғасатын болады», - деп толықтырды Талғат Ерсейітов.

Брифингте аудан әкімі әлеуеті төмен елдімекендер қатарындағы «ұйқыдағы ауылдар» - Калачи және Красногорск тұрғындарының əлеуметтік мәселесін де естен шығарған жоқ. Əкімнің айтуынша, 5 жыл бойы «ұйқы сырқаты» меңдеген бұл ауылдар тұрғындарының тұрмыстық жағдайы мен денсаулығын əкімдік қызметкерлері мен дəрігерлер тұрақты бақылап отырады.

«Калачи ауылында негізгі мектеп жұмыс істеп тұр. Онда ауылдық дәрігерлік амбулатория, округ әкімдігі және өзге әлеуметтік-мәдени мекемелердің барлығы осы мектеп қабырғасына жайғастырылған. Калачи және Красногорск ауылдарын бөліп жарып айтуға болмайды. Екеуі бір-біріне жақын орналасқан. Ал, осыдан бірер жыл бұрын бүтін елді дүрліктірген «ұйқы аурына» келетін болсақ, бүгінгі күні тұрғындар арасында бұл аурудың белгілері байқалмайды. Жылына екі рет Көкшетаудағы Ақмола облыстық аурханасының дәрігер мамандары келіп, тұрғындарды тексеріп тұрады. Өзімізде ай сайын аталмыш ауылдарда болып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін назарға алып отырамыз. Қазіргі кезде, Калачи ауылында шамамен 360 адам тұрады. Өткен жылы облыс әкімнің тапсырмасымен құрылысы тұралап қалған екі пәтерлі 4 тұрғын үйді шаруашылық субъектілері жөндеді, онда ауыл тұрғындары қоныстанды», - деп түйіндеді Талғат Ерсейітов.

Соңғы жаңалықтар