Ұйқы дертіне душар болған Калачи мен Красногорск кентіндегі 24 отбасына Есіл қаласынан жаңа пәтердің кілті тапсырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Беймәлім ұйқы дертіне душар болған Ақмола облысындағы Калачи ауылы мен Красногорск кентінің бір топ тұрғындары көптен күткен қуанышқа кенеліп, жаңа қонысқа көшірілді. Бұл жолы 24 отбасына Есіл қаласындағы жаңадан салынған үйден пәтер берілді.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Еске сала кетсек, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Калачи мен Красногорск елді мекендеріндегі тұрғындарды көшіру үшін қомақты қаражат бөлініп, бір жылдың ішінде төрт қабатты үй салынған болатын.

Жақында Есіл қаласындағы қоныс тойында аудан әкімі Аманбек Қалжанов пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті. Жайлы да жылы пәтерлерге ие болған көшіп келушілерге жерг­ілікті жұрт көш көлікті болсын деп ізгі ­тілектерін білдірді.

«Калачи мен Красногорск кентінің 24 отбасы жаңа пәтерлерге ие болып отыр. Пәтерлерінің іші жылы, бөлмелері жарық та кең. Ауыз су, орталықтандырылған жылу жүйесі тартылған», - дейді аудан әкімі Аманбек Қалжанов.

Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі Наиля Рязапованың қуанышында шек жоқ. Оның отб­асына екі бөлмелі пәтер беріліп отыр.

«Бұған дейін бізге бірқатар кәсіпкерлер тарапынан жер үй ұсынылған болатын. Бір­ақ, біз ол ұсыныстардан бас тарттық. Өйткені, зейнеткер анамның пеш жағып, су тасуға шамасы жетпейді. Өзім болсам күні бойы жұмыстамын, ал қызым студент. Біздің отбасымыз үшін қолайлы жері жылумен, сумен қамтамасыз етілген екен. Көңілден шығатын баспана бөлген басшыларға ақ алғысымызды айтамыз», - дейді Наиля Рязапова. Зейнеткер Анна Андереева бір бөлмелі пәтерге ие болды.

«Пәтер жып-жылы. Бірінші қабатты болғаны тіпті, қолайлы. Қиын кезеңде Калачи ауылы мен Красногорск кентінің тұрғындарын жаңа үйге көшіруді ұйымдастырғандарға мың алғыс», - дейді ол.

Жаңа үйдегі пәтерлер заманауи жоба бойынша салынған. Бөлмелері үлкен, жуынатын бөлме мен дәретханасы бөлек орналасқан. Үйдің ауласы асфальтталып, жарық тартылған. Сыртқы есіктері темірден жасалып, домофон орнатылған. Келешекте осы маңда стадион мен балалардың ойын алаңы салынып, жасыл желектер отырғызылмақшы. Дүкен де, мектеп пен екі балабақша да алыс емес.

Сөз соңында қос елді мекендегі тұрғындарды көшіру жоспарының бірінші кезеңінде 8­4 отбасының, яки, 218 адамның облыстың басқа аймақтарына көшірілгендігін айта кеткен жөн. Ерікті көш әлі де жалғаса бермек.

Соңғы жаңалықтар