Үйі толығымен өртеніп кеткен қостанайлық көмек сұрайды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы Заречный кенті маңында үй толығымен өртеніп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқыс оқиға 5 қыркүйек күні түнде болған. Қостанай облыстық ТЖД апаттық-құтқару және өрт сөндіру бөліміне үйдің өртенгені туралы хабар таңға жуық жеткен.

«Өрт сөндірушілер келгенде Свобода көшесіндегі 14-ші үйдің маңында «Ваз» маркалы көлігі өртеніп жатқан. Қызыл жалын үйдің шатыры мен қабырғаларына көшкен. Төбе жабыны, еден, терезе жақтаулары түгелдей өртеніп кетті. Зардап шеккендер жоқ. Жалын 75 шаршы метр аумақты шарпыды» - делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарламасында.

Өрт сөндіруге жеке құрамнан 7 адам бағытталды. Тілсіз жау сағат 7:15 шамасында ауыздықталды. Алдын ала болжам бойынша өрт тұрғындардың абайсыздығынан болуы мүмкін. 

Ал үй иесі Леонид Епишиннің айтуынша, өрт аяқ астынан болған.
«Қысқа жиған азық-түлік, төсек орын, есік алдындағы құрылыс материалдарының барлығы жанып кетті. Қазір үй маңындағы қорада тұрып жатырмын. Жұбайымның сырқаты бар-тын. Оны осындағы жиенімнің үйіне көшірдім. Қыс түспей баспана мәселесін шешкім келеді. Қолғабыс етемін деген жандарға алғысым шексіз. Әкімшілікке барып, өтініш жаздым. Бірақ, нақты көмектесеміз деп ешкім айтқан жоқ. Бар үмітім халықта», - деді Леонид Епишин.
Зардап шеккен отбасыға «Бюро добрых дел» қоғамдық қоры қаржылай жәрдем етуге уәде етіпті. Сондай-ақ, көмектесемін деген адамдар мына телефондарға хабарласуына болады:
87714297142, 87756830492


Фото Ирины МЕЛЬЦЕР/top-news.kz

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар