Үйдің терезесін бұзып кірген қарақшы қарияны пышақтады– Ақмола облысы
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы 20 қазанда Ақкөл аудандық полиция бөліміне зардап шеккен зейнеткердің қызы арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреу оның анасының үйіне баса көктеп кіріп, пышақтап кеткен.
«Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары күдіктінің үйге кіреберіс бөлме терезесін бұзып кіргенін анықтады. Күдікті қариядан ақша талап етіп, оң жақ иығы мен іш қуысына екі жерден пышақ сұғып алған. Алайда, ақша ала алмаған соң, оқиға орнынан ізін суытқан. Іздестіру шарасына аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы тартылды. Оқиға орнын тексеру кезінде жедел-тергеу тобының криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің саусақ іздерін анықтады. Осы арқылы күдікті ретінде Ақкөл ауданы Мало-Александровка ауылының бұрын сотты болған 37 жастағы тұрғыны ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тергеу изоляторына тоғытылды», - деді ведомстводан.