Ұялы байланысты бұғаттайтын құрылғылардан қандай проблемалар болуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Кеңес Абсатиров GSM-сигналдың таралуын бұғаттайтын құрылғылардың емін-еркін сатылуына алаңдаушылық білдірді. Осы орайда ол ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақпараттық технологиялардың дамуы аясында ұялы байланыстың қазақстандық операторлары қызмет көрсету аумағын кеңейтумен қатар, құқық қорғау органдарының тікелей талабы бойынша керісінше ұялы байланысқа қолжетімдікті шектей де алады. Операторлардан бөлек, GSM-сигналды бұғаттау үшін арналған техникалық құрылғылардың көмегімен байланысты шектеу мүмкіндігі де бар. Бұл қадамдар қауіпсіздікті қамтатасыз ету мақсатында жедел-іздестіру шаралары кезінде және ұлттық қауіпсіздік тұрғысында лаңкестік қатерлердің алдын алу барысында іске асырылады», - деп тоқталды депутат.

Осы орайда ол Үкімет қаулысына сәйкес, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін арналған арнайы техникалық құрылғыларды жөндеу, өндіру бойынша лицензиар болып белгіленгенін еске салып өтті. Оның пайымынша, бұл шаралар мен тиісті шектеулер толық негізді болып отыр.

«Алайда кейінгі кезде ұялы байланысты бұғаттаушы құрылғылар ҰБТ өткізу кезінде білім беру жүйесінде кеңінен пайдаланылады. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар порталында осындай «бұғаттаушы» құрылдарды сатып алу туралы білім мекемелерінен өтінімдерді көруге болады. Сонымен бірге, бүгінде сайттар мен әлеуметтік желілерде бұл құрылғылардың жұмыс істеу сипаттамасынан бөлек, оларды қолайлы бағамен сатып алу мүмкіндігі байқалады», - деді Кеңес Абсатиров.

Осы орайда депутат қолданыстағы заңнама «бұғаттаушы» құралдарды елге алып келу, сату және пайдалану бойынша қандай да бір нормаларды қарастырмайтынын атап өтті. Сәйкесінше, оларды таратушылар мен пайдаланушылардың іс-қимылдары шектелмеген.

Аталған арнайы құрылғылар пайдакүнемдік мақсаттарда елеулі түрде экономикалық әрі әлеуметтік залал келтіруі ықтимал. Яғни осы құрылғылардың жұмыс істеу сипаттамасы GSM-сигналды бұғаттауға бағытталғандықтан, бұл ретте лаңкестік қатер туындаған кезде құтқару қызметтері мен қауіпсіздік қызметтері сигналдары жұмысына кедергі жасалуы мүмкін.

Сонымен қатар төлем терминалдарының, банкоматтардың, шұғыл жағдайларда хабар тарату барысында сымсыз жүйелердің жұмыстары бұзылады. Мұнымен қоса, кез келген адам аталған құрылғыны өзінің пәтерінде қосып, маңындағы үйлерді байланыстан ажырата алады.

К. Абсатиров аталған мәселелерді ескере отырып, бұл салада туындайтын проблемаларды тыңғылықты зерттеу бойынша жауапты қызметтерге тиісті тапсырма беруді сұрады.

Соңғы жаңалықтар