Ұялы байланыс операторларына 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Оңтүстік өңірлердегі ұялы байланыс операторларының сапасыз қызметі үшін 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Бидатқа Бимұратов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы 139 елді мекенге жоспардан тыс тексеру жүргізген. Атап айтқанда, Түркістан облысында 37, Шымкент қаласында 66, Қызылорда облысында 15, Жамбыл облысында 21 елді мекендегі байланыс жүйесі тексеруден өтті.

«Мемлекеттік радиожүйелер қызметі мекемесінің сертификатталған өлшеу құралдарын пайдалана отырып ұялы байланыс сигналдарына өлшеу жүргіздік. Министрліктің бұйрығына сәйкес көрсеткіштер берілген. Ұялы байланыс сигналдары сол көрсеткіштерге сай болуы қажет», - деді Бидатқа Бимұратов.

Тексерулер нәтижесінде сапасыз байланыс үшін ұялы байланыс операторларына 100 036 950 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, 81 нұсқама беріліп, 100-ден астам хаттама толтырылған.


Соңғы жаңалықтар