Ұялы байланыс операторлары өткен жылғы уәделерін орындамады – ШҚО әкімі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ауылдарға интернет тарту жұмыстарын бақылайтын комиссия құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жиналыс өткізді.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен 41 антенна-діңгек орнату туралы келісімге қол жеткіздік. Өкінішке қарай, ұялы байланыс операторлары өткен жылғы уәделерін толықтай орындамаған. Мысалы, «Мобайл сервис» операторы интернетті 33 ауылға тартуы тиіс болды. Бірақ іс жүзінде тек жетеуіне тартқан. «Скартел» операторы 29 ауылға ғаламтор тартуды жоспарласа, тек 13-іне қосты. Бұл байланыс операторларының үлкен кемшілігі», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта өңірде антенна-діңгектер орнатылатын аумақтар анықталған. Жобалық-сметалық құжаттама да дайын.

«2022 жылы облыстың жүзден астам ауылына интернет тартылуы тиіс. Бұл жұмыстарды бақылайтын тұрақты комиссия құрылды», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-дағы 482 ауылда интернет жылдамдығы баяу екендігін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар