Үй өртенгенде кішкентай аэрозольдің өзі үлкен қауіп тудырады – өрт сөндірушімен сұхбат

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – 19 қазан – Құтқарушылар күні. Күнделікті қызметтерінде өліммен бетпе-бет келіп, басқалардың өмірін құтқару үшін өз басын қатерге тігетін осы бір мамандық иелері қандай да құрметке лайық.

Мереке қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Петропавлдағы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру көліктерін жүргізуден аға нұсқаушы Мұрат Жүнісовпен сұхбаттасқан еді.

Бұл мамандыққа қалай келдіңіз, өрт сөндіруші болғаныңызға өкінген кезіңіз бар ма?

Бұл салаға 2004 жылы келдім. Шынымды айтайын, өрт сөндіруші болсам екен деп армандаған емеспін. Тағдыр шығар. Орналастым, бірден кірісіп кеттім, көңілімнен шықты. Қазір өзімді басқа қызметте елестете алмаймын. Ия, қиын мамандық. Жанымызды шүберекке түйіп жүреміз. Алайда еш уақытта өкінген емеспін. Адамдарға көмектесу, оларды құтқару керемет емес пе?! Ал атқарған жұмысың үшін елдің ыстық ықыласына бөленіп, алғыс алып жатсаң оның өзі бір бақыт.

Ең бірінші шақыртуға барғаныңыз есіңізде ме?

Әрине есімде. Қаланың шеткері жағында жеке тұрғын үй өртенді. Менің басқаруымда «ЗИЛ» көлігі болды. Екінші кезекпен бардық. Алғаш рет өрт болып жатқан жерге келіп, әріптестерімнің қызыл жалынмен арпаласу сәтін көріп, оларға деген құрметім еселенді. Сол кезде еңбек еткен жігіттер маған көп көмектесті, нұсқап, көрсетіп отырды.

Өрт сөндіруші – қауіп-қатерге толы мамандық. Батылдықты талап етеді, дегенмен қатты қорыққан кезіңіз болды ма?

Биыл осы салада еңбек етіп жүргеніме 17 жыл. Әр шақыртуға шыққан сайын қауіптенесің, өйткені өрт – тілсіз жау, түрлі жағдай болуы мүмкін. Жалпы кез-келген адамда қорқыныш сезімі болады, ол қалыпты жағдай. Ал «өлген жерім осы шығар» деп қатты қорыққан кезім екі-үш рет болды. Бір жолы жабық тұрған гаражда автобус өртенді. Нысанның іші көк түтін болды. Өрт сөндіруші жігіттер қорғаныш аппаратын киеді, ал мен жүргізушімін. Сол жолы түтінге тұншығып, қатты қиналдым. Тағы бірде үй өртенді. Жүргізушілердің функционалдық міндеті – машинаны басқа көліктерге кедергі жасамайтындай дұрыс қою. Барған кезде жел қай жақтан соғып тұр, соның бәрін ескеруіміз керек. Сол өртте желдің бағыты күрт өзгеріп, жалын мен түтін менің машинама қарай ауысты. Сонда қатты қорыққаным есімде. Қазір бәріне үйрендік. Опық жемеу үшін әр қадамды абайлап басу қажет. Әрекет етпес бұрын бүкіл тәуекелді жедел түрде ой елегінен өткізесің.

Қандай өртті сөндірген қиын?

Бензин, газ сияқты жарылғыш заттары бар нысандарды сөндіру қиын. Ол міндетті түрде газ баллоны болмауы да мүмкін, мәселен тұрғын үйлерде түрлі аэрозольдар, қатты қызғаннан жарылып, қауіп тудырады. Көп қабатты тұрғын үйде өрт шықса, оған жылдам жету қиямет-қайым. Көшелерде кей жүргізушілер жол бермесе, аулада тұрғындардың көліктерін қойып тастағаннан өрт шыққан жерге жете алмай қиналамыз. Біздің жұмыста минут емес, әр секунд қымбат. Қазір мен сатысы бар көлікпен жүремін. Жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін кейде машинаны қою мүмкін болмай жатады. Мұндайда көмекке полицейлер келеді.

Бір тәулікте неше рет өрт сөндіруге шығасыздар орта есеппен?

Кейде кезекшілікте 4-5 өртті сөндіруге шығатын кездеріміз болады. Кейде үшінші шақырысты бір өрттің өзі жетіп болады. Үлкен өрттер болса үйде демалып жатқан қызметкерлердің барлығы шақырылады. Өрт көп жағдайда отты абайсыз қолданудан, техника қауіпсіздігін сақтамаудан шығады. Біздің ең басты міндетіміз өрттің алдын алу, онымен күресте тәжірибемізді шыңдау.

Зейнет демалысына шыққан өрт сөндірушіге өрт сөндіру көлігінен су құятынын білеміз. Бұл қайдан шыққан, нені білдіреді? Өрт сөндірушілердің өз арасында тағы қандай салт-жоралары бар?

Ия, зейнет демалысына шыққан өрт сөндірушінің үстіне салтанатты түрде өрт сөндіру көлігінен су құяды. Сондай-ақ машиналардың сиренасын қосып құрметпен шығарып саламыз. Ал жаңа келген жас маманды үстіне оқыстан шелекпен немесе көліктен суық су құйып ұжымға қабылдаймыз. Осылайша оның стресті жағдайда, кейде үсті малмандай су болып жұмыс істейтінін білдіреміз. Негізі өрт сөндірушілер арасында түрлі жоралар көп. Мәселен, өрт сөндіру көлігіне әйел адамды мінгізбейді. Кезекшілікке жаңа киім киіп немесе таза аяқ киіммен түсуге болмайды. Сол күні көп өрт болады деген сенім бар. Өрт сөндіріп келгеннен кейін бірден басты жууға болмайды. Сол сияқты кезекшілікте өрт сөндіру көлігін, касканы жумауға, жарқылдауықты сүртпеуге тырысамыз. Қиын өрт болады деген сенім бар.

Отбасыңыз жайында айтып берсеңіз. Балаларыңыз сіздің жолыңызды қуып, өрт сөндіруші боламын десе қарсы болмайсыз ба?

Зайыбымның негізгі мамандығы – мұғалімдік, бірақ қазір қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Ұлым, қызым бар. Олардың екеуі де менің жолымды қуған жоқ. Бірақ барамыз десе – қарсы болмас едім. Өйткені өрт сөндіруші – абыройлы, нағыз елге керек мамандық. Қызым аграрлық саланы таңдады, ұлым әлі университетте оқып жатыр.

Рахмет!


Соңғы жаңалықтар