Үй алмақ болған Өскемен тұрғыны алаяққа 10 млн теңге берген

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында үй алмақ болған тұрғын алаяққа алданып, 10 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 38 жастағы қала тұрғыны «102» жедел арнасына хабарласқан. Ол арзанға пәтер сатып алуға көмектесемін деген танысына 10 500 000 теңге бергенін айтты. Алайда ер адам ақша қолына тиген соң мүлде хабарсыз кеткен.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері 30 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушіге жеңілдетілген бағдарлама бойынша пәтер сатып алуға көмектесуге уәде берген», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға алаяқтармен күресті күшейтуді тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар