Үй аламын деп алданып қалған ақтөбеліктер прокуратураға арызданды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Нұрлы жер» бағдарламасымен үй алмақ болып, алданып қалған ақтөбеліктер прокуратураға арызданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін бір топ ақтөбелік пәтер алып беруге уәде еткен «Capital to life» компаниясының кеңсесіне тағы барды. Кейбірі 3-4 айдан бері жүрсе, алды 1 жыл бойы ақшасын даулап, ала алмай әлек. Олардың сөзінше, компания басшылығы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үй алып бермек болған.

«Capital to life» компаниясына ақша салып, өз қаржысын қайтара алмай жүрген 18 адам бірікті. Біздер әлеуметтік желіге шыққан жарнаманы көрдік. Онда несие тарихына, айлық табысына қарамай, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер құнының 35 пайызын жинауға кеңес берілді. Пәтерді өзіміз таңдаймыз. 8-10 жылға 7-10 пайыздық үстемеақымен несие берілетін болды. Мен 3,5 миллион теңге тұратын үйді таптым. Өзімнің 1 миллион 400 мың теңге ақшамды салдым. Екінші деңгейлі банк арқылы ЖШС-нің директоры Жанат Есниязованың есепшотына ақша аудардым. Келісімшарт бойынша екі айдан кейін пәтерге ие болатынымызды айтты. Қолымда мүгедек әкем бар», - деді зардап шеккен Жібек Иманғазиева.null

Арман Советов болса 2018 жылдың қараша айында «Capital to life» ЖШС-не 1,5 миллион теңге ақша аударған.

«Өзім Қандыағаш қаласында тұрамын. Компанияға 1,5 миллион теңге, пәтер иесіне 1 миллион теңге ақша бердім. Қаладағы үй 5 миллион 200 мың теңгеге есептеліп еді. Мен кеңсеге күнде келемін, ақшамды қайтарғым келеді. Мемлекеттік бағдарламаға ұқсас деген соң келдім. Екі айда баспаналы боласың деген ұсыныс ұнады. Соңында өзім пәтер жалдап, екі шығынға батып жүрмін», - деді Арман Советов.

Ал «Capital to life» компаниясының жетекшісі Жанат Есниязованың айтуынша, бағдарламаның атауы «Нұрлы үй» және ол жекеменшік жоба. Қазір үш салымшы сотқа, прокуратураға арыз түсірген. null

«Келісімшарт бойынша ақша 60 күнде қайтарылады. Бірақ сотқа арыз жазған адамдар сот шешімін күтеді. Бұл мемлекеттік компания емес, жеке инвесторымыз бар. «Нұрлы үй» бағдарламасы өзімізге тиесілі», - деді ол.

Айта кетейік, «Capital to life» ЖШС-ға ақша салып, қайтара алмай жүрген салымшылар бүгін облыстық прокуратураға тағы арыз қалдырды.

«Тұрғындар бірінші рет облыстық прокуратураға келді. Айтуларынша, 2 ақпан күні Ақтөбе қалалық прокуратурасына арыз жазған екен. Қалалық прокуратура істі облыстық полиция департаментіне жіберген. Іс қозғалмайды деген шағым бар. Біз тұрғындардың шағымын қабылдап, тексеру жүргіземіз. Арыз 15 күнде қаралады», - деді облыстық прокуратураның аппарат жетекшісі Жасұлан Орынбасарұлы.

Соңғы жаңалықтар