UWW елордада өткен күрестен әлем чемпионатын жоғары бағалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Біріккен күрес әлемінің (UWW) президенті Ненад Лалович Қазақстанда өткен әлем чемпионатының деңгейіне жоғары баға беріп, бұл чемпионат тарихындағы ең үздігі болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күрес түрлері федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін әлем чемпионатын қорытындылаған Біріккен күрес әлемінің (UWW) президенті Ненад Лалович «Қазақстан күрес түрлерінен әлем чемпионатын өте жоғары деңгейде өткізді. Бұл осыған дейінгі әлемдік додалардың ішіндегі ең үздігі болды» - деп атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 14-22 қыркүйек аралығында Қазақстанның астанасы спорт әлеміндегі ауқымды іс-шара, яғни грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионатын қабылдады.

Бір айта кетерлігі, Нұр-Сұлтандағы әлем біріншілігі 2020 жылғы Токио Олимпиадасының лицензиясы үлестірілген алғашқы іріктеу турнирі болды.

Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін елордадағы көпфункционалды «Барыс Арена» мұз сарайында өткен әлем чемпионатына 104 елден 1003 балуан келді.

Тоғыз күнге созылған әлем чемпионатына 51 мыңнан астам көрермен жиналып, әлемнің 396 БАҚ өкілі хабар таратты.

Грек-рим күресінен командалық есепте бірінші орынды Ресей командасы иеленді. Екінші орынға Өзбекстан құрамасы тұрақтады. Үздік үштікті Грузия құрамасы қорытындылады. Ал Қазақстан алғашқы бестікке енді.

Олимпиада бағдарламасына кірмеген 55 келіде әлем чемпионатының дебютанты Қорлан Жақанша Қазақстанға алғашқы күміс медальді сыйлады. Ол тек финалда Грузиядан келген Нугзари Цурцумииға есе жіберді.

Ал 60 келіге дейінгі салмақта қазақстандық балуан Мейрамбек Айнағұлов қола медальмен қатар Олимпиада ойындарының жолдамасына қол жеткізді. Олимпиада бағдарламасына енбеген тағы бір салмақ 63 келіде команда капитаны Алмат Кебіспаев қола медаль еншіледі.

Грек- рим күресінің жанкүйерлері үшін ең басты сенсацияны қазақстандық Асхат Ділмұхамедов жасады. Ол 74 келіге дейін салмақта екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы ресейлік Роман Власов пен әлем чемпионы сербиялық Виктор Неместі жеңді. Бірақ соған қарамастан жүлдеден тыс қалды. Асхат әлем чемпионатын бесінші орын мен аяқтады және Олимпиада ойындарының лицензиясына иелік етті.

Еркін күресте Ресей құрамасына тең келетін ешкім болмады. Екінші орынды Қазақстан иеленді. Үштікке АҚШ балуандары тұрақтады.

Олимпиадалық салмақ 57 келіде қазақстандық Нұрислам Санаев әлем чемпионатының қола жүлдесін тақты. Одан бөлек, Санаев Токио-2020 Олимпиадасының лицензиясын да еншіледі.

65 келіге дейін салмақта белдескен Дәулет Ниязбеков финалғадейін жетті. Бірақ шешуші сында жеңіліп, күміс медальды қанағат тұтты. Сондай-ақ Ниязбеков та Олимпиада лицензиясына қол жеткізді. Екінші күміс медаль 70 келіге дейін күрескен Нұрқожа Қайпанов қатиесілі. ДаниярҚайсанов (74 келі) пен Әлішер Ерғали (97 келі) екеуі Токиоға жолдама алды.

Әйелдер арасындағы бәсекеде командалық есепте бірінші орынға Жапония құрамасы қол жеткізді. Екінші орында – Ресей болса, үштікті АҚШ қыздары қорытындылады. Қазақстан командалық есепте алтыншы орынды қанағат тұтты. Қыздардан жалғыз қола Валентина Исламова-Брикке бұйырды. Ол сонымен қатар, Қазақстанға 50 келідегі салмақ бойынша Олимпиада лицензиясын сыйлады. Тағыбір лицензия 76 келіге дейін салмақта белдескен Эльмира Сыздықованың еншісінде.

«Біз өте жақсы жұмыс істедік және чемпионатқа қатысушылардың берген жоғары бағасы бізді қуантты. Осындай ауқымды спорттық шараның ел астанасында өтуі Қазақстандағы спорттың дамуына түрткі болады деп үміттенеміз», - дейді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерлан Қожасбай.

Келесі әлем чемпионаты 2021 жылы Норвегия астанасы Осло қаласында өтеді.

Фото: olympic.kz


Соңғы жаңалықтар