Үстем жағдайды теріс пайдаланатын сауда желілері жазаланды - агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаға қатысты сөз байласу және үстем жағдайды теріс пайдаланатын сауда желілері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтарына тоқталсақ, бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттер және үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша бағаларды төмендету туралы 60 хабарлама шығарылды. Оның ішінде, 50-і азық-түлік тауарларына бағаларды 5 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетті. 8 тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағаларының өсуінің апта сайынғы серпіні 0,6 пайыздан минус 0,2 пайызға дейін төмендеді», - деді С. Жұманғарин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының көтерме сауда нарығына басты назар аудара отырып, азық-түлік тауарларының барлық бағасы бойынша делдалдық схемаларды тексеру туралы тапсырмасын орындау аясында 13 тауар позициясы тұрғысында жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Екінші мәселе, сауда желілер қызметіне қатысты. Ритейл нарығын талдау аясында сауда үстемеақысының негізділігін кешенді түрде тексерілуі басталды. Сауда желілерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырғандығы бойынша 25 факті анықталды, осыған орай жергілікті атқарушы органдарға жауапкершілікке тарту үшін материалдар жіберілді. Бағаға қатысты сөз байласу және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша 10 сауда желісіне қатысты шаралар қабылданды. Сауда желілеріне қатысты жұмыс жалғасуда. Ең ірі республикалық желі «Магнум» («Magnum Cash@Carry» ЖШС) өзіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15-тен 10 пайызға дейін төмендету туралы міндеттеме алды», - деді агенттік басшысы.


Соңғы жаңалықтар