Ұстазын қимаған шәкірт: Астаналық оқушы мұғалімінің соңынан ШҚО ауылына көшіп барды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – «Астанадан ауылға көшкен мұғалім» десек, қатты таңырқамауыңыз мүмкін. Ал сол ұстаздың соңынан ата-анасынан алыстап шәкірті де еріп келген десек, онда «бұндай да болады екен-ау!» деп қайран қалатыныңыз анық. Иә, елордадан Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Құлынжон ауылындағы білім ордасына жұмысқа келген Әлішер Сағынтаевпен оқушысы да бірге жүр. Мұғалімге деген нағыз құрмет, адалдық деген осы ғой, шіркін! Қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұстаздар күніне орай Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте математика пәнінен сабақ беретін педагогты әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Мұғалімдік жолды таңдауыңызға не себеп?

– 1994 жылы Астана қаласында дүниеге келдім. Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп гимназиясын тәмәмдадым. Одан соң Еуразия ұлттық университетінде «Ядролық физика» мамандығы бойынша диплом алдым.

Мұғалім атануына өзімнің ұстазым себеп болды. Ол – қосымша білім беру орталығында мені ҰБТ-ға дайындаған Аралбек Берікұлы. Сол кісінің арқасында математиканың оңай екенін шын түсіндім. Бірақ әуелде педагог боламын деп ойламаған едім.

Бірде университет қабырғасында жүргенде Аралбек аға қоңырау шалып, өзі жұмыс істейтін орталыққа қызметке шақырды. Маған сенім артатынын, қолымнан келетінін айтты.

Көп ойланбай келістім. Себебі ұстазымның қасында жүрсем көп дүниені үйренетінімді білдім. Оның ортада өзін ұстағаны, адамдармен қалай тіл табысатыны, өмірлік принциптері ұнайтын.

Бірге отырып әңгімелескенде әр айтқан ақылын санама түйіп, бағыт-бағдар ететінмін. Осылайша, мұғалімдік жолға қадам бастым.

– Тіршілігі қыз-қыз қайнаған бас қаладан аядай ауылға қалай көшіп бардыңыз?

2014 жылдың қыркүйек айынан 2020 жылдың наурызына дейін елордадағы «Smart Bilim» қосымша білім беру орталығында балаларға математика пәнін оқыттым. Содан кейін республикалық физика-математика мектебіне жұмысқа орналастым.

4 айдан кейін Аралбек Берікұлы хабарласып, Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл мектебіне директор болып кететіндігін жеткізді. Өзімен бірге барып, ауылдағы білім сапасын көтеруге атсалысуға ұсыныс жасады.

Тәлімгерімнің бұл ұсынысына бірден келістім. Себебі, бұрыннан бері ол бізге «Мұғалім білім жолында басқа қалаға баруы әбден мүмкін. Қажет болса ауылға көшуге де дайын болуларың тиіс» деп үнемі айтатын. Сөйтіп, Самар ауданы Құлынжон ауылына табан тіредік.

Бұл да бір менің ұстаздық миссиям шығар. Қазақстан азаматы ретінде қолымнан келгенше өскелең ұрпаққа білім беріп, елге титтей де болсын пайдамды тигізгім келеді.

– Ауыл мен қаладағы білім сапасының айырмашылығы қандай?

– Жер мен көктей. Білім берудегі жүйе бір болғанмен екі жақтағы айырмашылық жетіп артылады. Мектептен басқа білім сапасына әсер ететін бірнеше фактор бар. Атап айтқанда, жергілікті мәдениет пен менталитет.

Осы ауыл мектебінен оқыған азаматтар сол жерде сабақ беріп жүр. Олар ауылдың тәрбиесін көріп, ауасын жұтып, суын ішкен жандар. Басқа жақтан келіп жұмысқа орналасқандар жоқтың қасы. Білім сапасы бір орында тұрып қалған.

Тіпті 11-ші сынып оқушыларының арасында көбейту кестесін білмейтіндер кездеседі. Осыдан-ақ бағамдай беріңіз! Астанада білім беру орталығында жұмыс істеп жүргенде кейбір оқушылардың білім деңгейінің төмендігін байқайтынмын.

Ал мұнда келгенде тіпті таңқалдым. Ауылдағы білім сапасы өте мүшкіл халде екен. Сол үшін біз істейтін жұмыс көп.

– Өзіңізбен бірге ауылға еріп барған оқушыңыз жайлы естідік. Сол жайлы айтып берсеңіз?

– Ерасыл 2019 жылы мен қызмет еткен орталыққа келді. Аптасына 3 рет бір жарым сағаттан математика пәнінен білім алатын. Ол кезде 6-сыныпта оқиды. Үйреткенімді лезде қағып әкететін зор талабын байқадым. Іні-аға ретінде араласып кеттік. Атам қазақ «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген.

Оған тек математиканы емес, тұлға ретінде өзіңді дамытудың қыр-сырларын айта бастадым. Аралбек ұстазымнан алған тәрбиемді оның бойына сіңіруге тырыстым. Қасымнан шықпай, көмекшіме айналып кетті.

Ауылға көшіп кеткенімді әлеуметтік желідегі парақшамнан көріпті. «Аға, сізден әлі де білім алғым келеді» деп жазды. Сол кезде «Осы жаққа оқуға келсеңші» деп жай әзіл ретінде жауап бергенмін. Ол анасына барып айтып, көндіре бастапты.

Әрине, ана жүрегі бауыр еті баласын алысқа жіберуге оңайлықпен қайдан келіссін? Бірақ ұлының айтқанынан қайтатын райы жоқтығын көргенде рұқсатын беріпті.

8 сыныптың төртінші тоқсанында Ерасыл Құлынжон ауылындағы мектепке түсті. Анасы оны өз қолымен маған әкеліп тапсырды. Оның қауіпсіздігін өз мойныма аламын деп сенімхат жазып бердім.

Қазір осында оқып, мектептің екінші қабатындағы жатақханада тұрып жатыр. Елордадан келген мұғалімдердің барлығы сол жерде тұрамыз.

Бала бәрін сезеді ғой. Оған шынайы жанашырлығымды, білім беруге деген ниетімді көрген болар. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Шәкіртіммен үнемі шыншыл болып, сырласына айналуға тырысамын.

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Әйелім, екі балам бар. Ұлым үш жаста. Қызымыздың жарық дүние есігін ашқанына 5 ай болды. Жұбайым ауылға баруға еш қарсы болған жоқ. Әлі үйленбей тұрған кезде оған «Жұмыспен басқа қалаға, ауылға көшіп барып жатсам, соңымнан ересің бе?» деген едім.

Ол «әрине» деп жауап берген. Міне, сол сөзінде тұрды. Ал әке-шешім басында қарсылық танытты. Бірақ оларға ауыл балаларына білім қажеттігін айтып, түсіндірдім.

– Сабақ берудегі, шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік қандай әдіс-тәсілдеріңіз бар?

– Өзім жазып шыққан кітап немесе ерекше бір әдісім жоқ. Бірінші, баламен дос болуға ұмтыламын. Өзімді ол үшін математика пәнінің мұғалімі емес, әрдайым көмектесуге, жол нұсқауға дайын тәлімгер ретінде көрсеткім келеді.

Оның айтқанын тыңдап, қызығушылықтарын біліп, рухани байланыс орнатқан соң ол да сенің қызығушылықтарыңа ықылас таныта бастайды. Яғни, математика пәнін ұнатып, шын ынтамен оқиды.

Мәселен, оқушы фишка ойнауды, мультфильм көруді, тик-токта видео түсіруді немесе телефондағы ойындарды ұнатады делік. Сабақтан тыс уақытта «Бұл қандай ойын? Маған да үйретші» деп сен де қызығушылық танытуың керек.

Бірге фишка ойнап, кейде ұтып, арасында ұтылып дегендей. Сол кезде бала «мұғалім де мен секілді адам екен ғой» деп ойлайды. Мен математиканы білсем де, телефондағы түрлі ойындардың қыр-сырын білмеймін.

Оқушым маған үйретіп, одан сайын жақындай бастайды. Осының арқасында, сабақта айтқанымды зейін қойып тыңдайды.

Тәжірибем көрсеткендей, бала мектептен басқа жерде ашыла түседі. Сондықтан олармен бірге киноға барып, көкке шығып, саябақта серуендеп, бірге уақыт өткізуге тырысамын. Нәтижесінде, оқушы сені үнемі қабағы ашылмайтын ұстаз ретінде емес, досы, ағасы немесе туысы ретінде көреді.

Қорыта айтқанда, мұғалім шәкірттерімен бір толқында болуы керек. Ертең олар түгелдей математик болып кетпесе де өмірде өзіндік орындарын тауып, еліміздің дамуына үлес қосар патриот, қиын жағдайға тап болғандарға көмектесетін жанашыр, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасайтын жомарт болып өссе жұмысымның жанғаны деп білемін.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

P.S. Қазақта «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген мақал бар. Мұғалімі үшін ата-анасынан жырақта жүрген оқушының өзімен де сөйлестік.

– Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу үшін математика пәнін тереңдеп оқымақ ниетпен қосымша білім беру орталығына барып, Әлішер ағамен таныстым. 1 жылдың ішінде маған тек бұл пәннің қыр-сырын білуіме ғана емес, рухани тұрғыда өсуіме көп септігін тигізді. Сабақтан тыс уақытта да қасына тартып, ақылын айтатын. Оның Құлынжон ауылына кеткенін естігенде қатты қапаландым. Менің де сол мектепке барғым келетінін айттым. Ұстазым да келісе кетті. Мектеп директорының ата-анам қарсы болмаса қуана қабылдайтынын білдірді. Бірақ әке-шешемді көндіру қиынға соқты. Әйтеуір келіскен соң, құжаттарды жинастырып, ауылға келдім. Осында көшіп келген себебім – Әлішер ағаның қасында жүрсем өзімді тұлға ретінде қалыптастырып, кө здеген мақсатыма жететіндігіме сенімім кәміл, – дейді 15 жастағы Ерасыл Ерланұлы.

Өз сөзінде ол ата-анасын сағынатынын айтты. Бейнеқоңырау арқылы бір-біріне хабарласып тұрады. Үйде жалғыз ұл екен. Бір апайы бар. Келешекте инженер болғысы келеді.


Соңғы жаңалықтар