Ұстаздарға қолайлы жағдай жасау жұмысын жалғастыра береміз - Аймағамбетов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада «Үздік педагог-2022» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара барысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әріптестерін «Үздік педагог» атағымен құттықтап, өз ісіне адалдығы мен білім саласын дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ министр ұстаздарға қиын болса да, бірақ ұлы кәсіпте жаңа табыс мен жетістік тіледі.

«Мұғалім мамандығы қай кезеңде болмасын ең қастерлі мамандықтардың бірі саналады. Ал бүгін, әріптестер, сіздер Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин сынды көрнекті ағартушылардың игі ісін жалғастырып келесіздер. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған күннен бастап ұстаздарға үлкен көңіл бөліп келеді. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жыл сайын тәрбиешілердің, мұғалімдердің, колледж оқытушыларының жалақысы көтеріліп келеді. Заң ұстаздарды міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға мүмкіндік берді», - деді ол.

Асхат Аймағамбетов Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында 2023 жылдың қаңтарынан бастап тәрбиешілер мен мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсетіндігін айтты.

«Қазір әріптестердің көпшілігі аптасына 6 күн емес, 5 күн жұмыс істейді. Сондай-ақ еңбек өтілі 25 жылдан асатын әріптестер арнайы медальдармен марапатталады. Ал біз бұдан да қолайлы жағдай жасау үшін жұмысты жалғастыра бермекпіз. Республикалық «Үздік педагог» байқауы өз саласының үздіктерін анықтап, еңбегіңізді, тәжірибеңіз бен біліміңізді бағалауға септігін тигізеді. Сіздер кәсіби мамансыздар. Сіздерге зор денсаулық, амандық тілеймін», - деді министр

Айта кетейік, байқаудың республикалық кезеңінде аудандық, қалалық және облыстық кезеңдердің қорытындысы бойынша 123 мұғалім «Үздік педагог – 2022» атағы үшін сынға түсті. Олардың ішінде 64-і үздік педагог атанды. Жалпы, байқаудың барлық кезеңін цифрландырудың арқасында биыл байқауға мұғалімдердің рекордтық саны, яғни 5,5 мыңнан астам мұғалім қатысты.


Соңғы жаңалықтар