Ұстаз ұлық емес, ұлы қызмет - Қазақстанның үздік педагогы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Мұқанова педагог мамандығына қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны мұғалім» деп айтқан екен. Яғни, мектептің, одан тәлім-тәрбие алған баланың келешегінің қалай болатындығы ұстазға тікелей байланысты. Сондықтан біздің қоғамымызда мұғалімнің мәртебесін көтеруге бағытталған көптеген шара атқарылып та жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясына қатысуы және Педагог мәртебесі туралы заңның алдағы уақытта қабылдануы сол ұстаздарға деген құрметті білдіреді», - деді еліміздің үздік ұстаздарының бірі.

30 жыл бастауыш сынып оқушыларына білім нәрін сіңіріп келе жатқан Нұргүл Кұлжағазықызы ұстаз болу жан-жақты білімділікті, шыдамдылықты, ұстамдылықты, шәкіртжандылықты, өз ісіне адалдықты талап ететіндігін айтады.

«Бауыржан Момышұлының «Ұстаз ұлық емес, ұлы қызмет» деген сөзі бар. Осы ұлы қызметте алдымнан талай шәкірт түлеп үшып, білікті маманға айналды. Әр салада еңбек етіп жүр. Жалпы менің ұстаздығым ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мамандық десем де болады. Ұстаздықтың сара жолын салып кеткен нағашы атам - Кәрім Мұқышұлы. Ол бұрынғы Семей облысының Тарбағатай ауданына қарасты Ақсуат ауылында негізін қалаған белгілі азаматтардың бірі еді. Сол атамыздың жолымен отбасымызда барлығымыз да ұстаздық мамандықты таңдадық«,- деді Нұргүл Мұқанова.

Білікті ұстаз елордаға аттаналар алдында аудандық маслихат отырысына қатысып, онда 30 жылдық еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін Білім және ғылым министрінің қолынан алғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, Нұргүл Мұқанова бүгін елордада мектепке дейінгі және орта білім жүйесі бойынша «2019 жылдың үздік педагогі» жеңімпазы ретінде марапатқа ие болған еді.

Соңғы жаңалықтар