Үштөбе тұрғыны тағы да зиратты қиратқаны үшін ұсталды

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Үштөбе қаласында зиратты қиратқан күдікті ұсталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 34 жастағы күдіктінің психикалық ауытқуы бар. Ол бұған дейін де молаларды қиратып, ұсталған. Бірақ бұрынғы әдетін қоймай келеді.

«14 мамыр күні моланың бұзылғандығы, вандализм фактісі болғандығы жөнінде хабарлама түсті. Оқиға Қаратал ауданында болған. Жедел-тексеру барысында аталған факті расталды. Күдікті ретінде Үштөбе қаласының 34 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол қаңтар айында ғана осындай әрекеті үшін ұсталып, психоневрологиялық диспансерге жатқызылған болатын. Белгілі болғандай, ер адам екі ай сол диспансерде емін алып, үйіне оралғанда қайта молаларды қиратуға кіріскен», - деді Қаратал аудандық полициясының бастығы Рауан Абраимов.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, күдіктіні тағы да диспансерге жатқызған. Дәрігерлердің тексеруінен кейін оған қатысты іс сотқа жіберіледі.


Соңғы жаңалықтар