Ұшқыш апат алдында 3 минут бұрын байланысқа шыққан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін тікұшақ апатына байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Әуе оқиғаларын тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ұшқыш Валентин Шитовтың 25-30 жылдық тәжірибесі болған.

«Оның 4 мың сағат ұшу тәжірибесі бар. Дәл осы типтегі тікұшақпен 2 мың сағат ұшқан. 51 жастағы Валентин Шитов өзінің 51 жасының 25-30 жылын аспанға арнаған. Оқиға болардан бұрын 16:05-те байланысқа шыққан. Бірақ, ол не дегенін әзірге айта алмаймын. 16:08-16:09-да оның ұшағы жерге құлады», - деді Н.Жұмасұлтанов.

Оның айтуынша, ұшақ Боралдай әуежайынан Үлкен Алматы алаңына бағыт алған. Діттеген жерге 10 шақырым жетпей Алатау шипажайының маңында құлаған. Тікұшақ жолаушыларды алып кетуге бара жатқан болуы ықтимал.

«Жолаушыларға барған болуы мүмкін. Өйткені, бір ғана ұшқыш болған», - деді ол.

Спикердің айтуынша, әуе компаниясының тікұшақтарды ұшыруға керекті барлық рұқсаты болған.

Құзырлы органдар тексеруге бүгіннен бастап кірісті. Себебі, кеше қараңғы болып кеткендіктен, зерттеу жұмыстары тоқтатылған.

Айта кету керек, қайғылы оқиға кеше Алматыда Наурызбай ауданына қарасты Тау самалы шағын ауданында болды.

«Алатау» шипажайының ашық аумағына «Sky Service» әуе компаниясының жеке меншігіндегі Еврокоптер-130 тікұшағы құлады.

51 жастағы ұшқыш Валентин Шитов жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Тікұшақ Боралдай-Үлкен Алматы көлі бағытында ұшып бара жатқан.

Ал көліктегі ПД қызметкерлері аталған дерекке байланысты ҚР ҚК 344-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркеді (Әуе көлігін пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу).

Тергеу жұмыстары басталды.

Мұның алдында ҚР ИИДМ Әуе оқиғаларын тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов тікұшақ апатының ықтимал 3 себебін атаған болатын.

Соңғы жаңалықтар