Үшінші елдерден әкелінген автокөліктерді кедендік тазартудан соң ғана айдауға болады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы кездері Қазақстан аумағына шет ел азаматтарының жеке пайдалануына арналған көлік құралдарын уақытша алып келу жағдайлары жиілеп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Бұл көліктер негізінен Грузия мен Әзербайжан азаматтарының атына тіркелген. Мұндай көлік құралдары содан соң, біздің елдің азаматтарының «иелігіне» беріледі.

«Ескеретін жәйт, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кеден аумағына үшінші елдерден уақытша әкелінген көлік құралдары шетелдік тауарлар болып табылады және кедендік бақылауда болады (үшінші елдер - ЕАЭО құрамына кірмейтін елдер). Осыған орай, уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алуға және Қазақстан аумағында пайдалануға тек кедендік тазартудан соң және сәйкесінше тиесілі кедендік алымдар мен салықтарды төлеген соң ғана қолдануға болатынын ескертеміз», - деп жазды ведомстводан.

Жеке пайдалануға арналған шетелдік көлік құралдарын, шетел азаматтары өз көлік құралдарын әкелген соң, Қазақстанның аумағынан белгілі бір уақыттан кейін кетіп қалатыны байқалуда. Яғни, ЕАЭО аумағына аталған автокөлік құралдары әкелінгенде, Қазақстан азаматына беру мақсатында келген деп пайымдалуда.

«Уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін (1 жыл) автокөлік құралдары ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет. Егер шығып кетпесе, ЕАЭО-тың қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады», - делінген хабарламада.

Комитет Полиция департаменттерімен бірлесе отырып, рейдттік іс- шаралар жүргізуді ұйымдастырған, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ондай көліктер ұсталады.

Қазіргі таңда 116 автокөлік құралы ұсталып, уақытша сақтау қоймаларына орналастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан азаматтарынан жеке пайдалануға арналған автокөлікті сатып алғанда, еліміздің заңнамасын сақтауды сұрайды. Алайда Сіз сатып алғалы жатқан автокөлігіңіздің шығу тарихы немесе заңдылығы күдік туғызатын болса, онда Қазақстанда кедендік тазартудан өткені және тиесілі кедендік алымдар мен салықтар төлегені туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарынан білуге болады. Ол үшін комитетке (87172 71 77 24) немесе тұрғылықты жердегі Мемлекеттік кірістер департаментіне, сонымен қатар ҚР ҚМ МКК Байланыс орталығына хабарласуға болады.



Соңғы жаңалықтар