Үшарал мен Үржар әуежайларын жөндеу тез арада аяқталуы тиіс - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті атқарушы органдарға Үшарал және Үржар әуежайларындағы жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтау тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаға сәйкес, аталған әуежайларға ұшу-қону және бағдарлау жолақтарын салу, жарық-сигналдық жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды Жетісу және Абай облыстарының әкімдіктері жүргізіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар реконструкциялау жөніндегі барлық жұмыстарды туристік маусымның басталуына қарай аяқтауды жоспарлаған. Алайда, мердігер ұйымдар жұмысты уақтылы орындамай, әуежайды ашу мерзімі кейінге шегерілді.

«Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үшарал және Үржар әуежайларында құрылыс жұмыстарын дереу аяқтауды тапсырды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Ал, Үшарал және Үржар әуежайларына субсидияланған рейстерді ұйымдастыру жұмыстары болса, мерзімінен бұрын аяқталды. Ол үшін қажетті қаржы бөлініп, рейстерді орындайтын авиакомпаниялар анықталған.

Үшарал-Алматы және Үшарал-Нұр-Сұлтан бағытында жолаушыларды «SCAT» авиакомпаниясы тасымалдайды. Рейстер жазғы маусымда аптасына 14 рет, ал қалған мезгілдерде аптасына 7 рет орындалады. Билет құны – 15-16 мың теңге болады.

Сондай-ақ, Үшарал-Талдықорған бағыты бойынша жолаушыларды «Жетісу» авиакомпаниясы тасымалдайды. Ол жазда аптасына 28, ал қалған мезгілдерде 14 рейс орындайды. Бұл бағытқа «L-410» ұшақтары ұшады. Билет құны – 8 мың теңге.

Үржар-Алматы және Үржар-Нұр-Сұлтан бағытында «Южное небо» авиакомпаниясы қызмет көрсететін болады. Аталған бағыттарға рейстерді «Ан-24» ұшағы орындайды. Рейстер жазғы маусымда аптасына 10 рет, ал қалған мезгілдерде аптасына 5 рет жасалады. Билет құны – 14-16 мың теңге болады.

Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, Үшарал әуежайын 20 шілдеде, ал Үржар әуежайын тамыз айының бас кезеңінде ашу жоспарланып отыр.

Үшарал және Үржар әуежайларын жөндеуге уақытша жабу кезеңінде Алакөл жағалауына жету жолы ретінде қосымша пойыздар қарастырылған.

Алакөл аймағына дейін мына бағыттағы пойыздар жүреді:

Алматы-Алакөл:

№221/222 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;

№ 255/256 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;

№ 211/212 «Алматы-2 – Достық», аптасына 2 рет;

453/454 «Алматы-2 – Достық», жаз мезгілінде аптасына 3 рет;

Нұр-Сұлтан-Алакөл:

№ 258/257 «Нұр-Сұлтан – Достық», жаз мезгілінде аптасына 2 рет;

№ 54/53 «Нұр-Сұлтан – Достық», аптасына 2 рет;

№ 121/122 «Нұр-Сұлтан – Семей» пойызында 6 тіркемелі вагон, жазғы маусымда күнара.

Нұр-Сұлтан-Семей:

457/458 «Семей – Достық», жаз мезгілінде күнара;

459/460 «Өскемен-Достық», жаз мезгілінде күнара.

Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар