Ұшақта Шымкенттен түсіп қаламын деп есікке жармасқан жігітке айыппұл салынды

None
None
НҰР- CҰЛТАН. ҚазАқпарат – FlyArystan әуе компаниясының ұшағында Маңғыстау облысының тұрғыны шу шығарған. 25 жастағы жігіт бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік кодекстің үш бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуе компаниясының хабарлауынша, 24 қыркүйек күні Алматыдан Ақтауға ұшақ ұшып шыққан. Сапар барысында жолаушылардың балағат сөз айтып, жанындағы адамдар мен экипаж мүшелерінің мазасын алған. Борттағылардың ескертуін де құлағына ілмеген.

«Алматы – Ақтау бағытында ұшып бара жатқанына қарамастан жолаушы Шымкентке баруы керектігін айтып, айғайлай бастаған. Тіпті ұшақтың есігін ашуға талпынған. Сонымен бірге, ол борттағы әйел қызметкерді қылқындыра бастаған. Мұны көрген борттағы ер адамдар жүгіріп келіп, шу шығарған жігітті ұстап, тәртіпке келтірген. Ақтауға жеткеннен кейін ол жолаушы полицияға тапсырылды», - деп хабарлайды әуе компаниясынан.

Шу шығарған жолаушыны тырп еткізбей ұстаған жігіттер – Нұрлан Боханов пен Манас Тұрабеков атты спортшылар болып шықты. Оларға алғыс ретінде FlyArystan компаниясы ұшақтың моделі мен билет, әуе компанияның қызметін сатып алатын ваучерлерді берді.

Ал Көліктегі полиция департаменті 25 жастағы жігіттің ұсталғанын хабарлады.

«Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ұшақ жолаушысын әкімшілік кодекстің үш бабы бойынша айыпқа тартты: әуе кемесіндегі ережені бұзу, қоғамдық орында мас болып, алкогольдік ішімдік ішу және ұсақ бұзақылық», - деді ведомстводан.

Шу шығарған жігітке 8 АЕК (22 224 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Ұсақ бұзақылық бабы бойынша оның ісі сотта қаралуда.


Соңғы жаңалықтар