Ұшақта шу шығарған шетелдік азаматтар ұшақтан түсірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері «Алматы-Санкт-Петербург», «Киев-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе рейстерінен тәртіп бұзған Беларусь және Украина азаматтарын түсіріп алды. Бұл туралы көлік полициясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне «Эйр Астана» АҚ өкілінен «Алматы-Санкт-Петербург» бағытындағы әуе кемесінде құқық бұзушы бар екендігі туралы хабарлама келіп түсті. Көлік полицейлері тексеру барысында 39 жастағы Беларусь Республикасының азаматын анықтады.

Араққа сылқия тойып алған азамат өзін дөрекі ұстаған. Адамдардың ар-намысына тиіп, абыройын қорлайтын сөздер айтқан. Жолаушылардың мазасын алып, тыныштығын бұзған.

Құқықбұзушы жоғарыда аталған әуе кемесінен акті бойынша түсіріп алынды. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, құқық бұзушы «орташа дәрежеде» мас болған. Бұдан соң оған қатысты ҚР ӘҚБтК 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК көлемінде (12 625 теңге) айыппұл салынды.

Сол күні Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне «Эйр Астана» АҚ өкілінен «Киев-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе кемесінің бортында деструктивті жолаушы бар екендігі туралы екінші хабарлама келіп түсті. Тексеріс барысында көлік полицейлері әуе бортында темекі шеккен 42 жастағы Украина азаматын анықтап, оны осы ұшақ командирінің актісі бойынша рейстен түсіріп алды.

Бұдан кейін материал құқықбұзушыны ҚР ӘҚБтК 564-бабының 5-тармағы бойынша («Әуе кемесіндегі жолаушылар ретіндегі адамдардың ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай жасауы») әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне жолданды.

Көліктегі полиция департаменті жыл басынан бері тәртіп бұзған 16 214 адамды жауапкершілікке тартты, оның ішінде белгіленбеген жерде темекі шеккен 1270, алкогольді ішімдік ішіп, қоғамдық орында мас болған 1647 адам бар.

Соңғы жаңалықтар