Ұшақпен сапарлайтын қазақстандықтар саны 13 пайызға артты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша әуе көлігі жолаушыларының саны 13 пайызға өскен. Ішкі нарықта жиілігі жағынан ең алда тұрған бағдар - Алматы-Астана-Алматы болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ranking.kz зерттеулеріне сілтеме жасап.

2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында әуе көлігі жолаушыларының саны - 5,5 млн адам болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7 пайызға артық.

Қазақстандағы көлік кәсіпорындарының кірісі 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында 1,8 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде әуе көлігі кәсіпорындарының табысына - аталмыш көрсеткіштің 12,2 пайызы, яғни 224,8 млрд теңгесі (бір жылдың ішіндегі өсім - 18,1 пайыз) тиесілі.

Әуе көлігімен жүк тасымалдау және багаж қызметінен түскен табыс аса көп емес - барлық соманың 0,001 пайызы ғана осы қызметке тиесілі.

Ал Азаматтық авиация комитетінен хабарланып отырғандай, ішкі нарықтағы халық ең көп ұшатын әуе бағыты - «Алматы - Астана - Алматы». Бұл маршрут бойынша екі бағытқа 4 әуе компаниясы («Эйр Астана», «SCAT», «Бек Эйр», «Qazaq Air») аптасына 274 рейс орындайды. Орта есеппен Астанадан Алматыға және кері ұшуға болатын күнделікті 19 рейс бар.

Екінші халық көп ұшатын бағыт - «Алматы - Шымкент - Алматы». Бұл маршрут бойынша екі бағытқа 4 әуе компаниясы («Эйр Астана», «SCAT», «Бек Эйр», «Qazaq Air») аптасына 62 рейс орындайды.

Үшінші орында - Астана - Шымкент - Астана маршруты. Бұл бағытта 3 әуе компаниясы («Эйр Астана», «SCAT», «Бек Эйр») аптасына 60 рейс орындайды.

Қазақстан Республикасында халықаралық нарықта жолаушы тасымалдайтын 25 шетелдік және 2 қазақстандық әуе компаниясы бар. Халықаралық бағытта ең көп қолданылатын - «Алматы - Мәскеу - Алматы» маршруты. Бұл бағытқа екі әуе компаниясы («Эйр Астана», «Аэрофлот») аптасына 60 рейс орындайды.

Халық тарапынан сұранысқа ие екінші бағыт - «Астана - Мәскеу - Астана». Бұл бағытқа екі әуе компаниясы («Эйр Астана», «Аэрофлот») аптасына 48 рейс орындайды.

Үшінші орында - «Алматы - Ыстамбұл - Алматы» маршруты. Бұл екі бағытқа екі әуе компаниясы («Эйр Астана», «Turkish Airlines») аптасына 34 рейс орындайды.

 

Соңғы жаңалықтар