Ұшақ рейсі кешіккен жағдайда жолаушы қандай құқыққа ие

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңа жыл мерекесіне орай ұшақпен жақындарына баратын немесе саяхатқа шығатын тұрғындар аз емес. Осы орайда, ҚазАқпарат агенттігі Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасай отырып, ұшақ рейсі кешіккен жағдайда сақталуы тиіс жолаушы құқықтарын еске салады.

Рейс тоқтатылған немесе кешіктірілген кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттерінде және аралық пункттерде келесі қызметтерді ұйымдастыруға міндетті:

1) 7 жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға ана мен бала бөлмесін (болған жағдайда) ұсынады;

2) рейс 2 сағаттан артық кешіккен кезде телефонмен ұзақтығы 5 минуттан аспайтын екі қоңырау шалуға (оның ішінде халықаралық байланыс желілері бойынша) немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама жіберуге мүмкіндік ұсынады;

3) рейсті екі сағаттан артық күткен кезде жолаушыларды салқын сусындармен қамтамасыз етеді;

4) рейстің жөнелтілуін 4 сағаттан артық және одан әрі күту кезінде ыстық тамақпен қамтамасыз етеді:

- күндізгі уақытта әр 6 сағат сайын;

- түнде әр 8 сағат сайын;

5) рейс күндіз 8 сағаттан артық және түнгі уақытта 6 сағаттан артық кешіккен жағдайда авиакомпания жолаушыны өзі ұсынатын қонақүйге орналастырады;

6) авиакомпания ұсынатын көлік жолаушыны әуежайдан қонақүйге дейін және қонақ үйден кері жеткізуді қамтамасыз етеді;

7) тасымалдаушының кінәсінен рейс 10 сағаттан артық мерзімге тоқтатылған немесе кешіккен болса, тасымалдаушы жолаушыны билетте көрсетілген межелі пунктке дейін ең жақын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етеді;

8) жолаушыға билеттің толық құнын қайтарады.

Бұдан басқа, авиакомпания нақты қандай да бір жағдайға байланысты рейстерді кешіктіргенін дәлелдемесе, онда әрбір кешіккен сағаты үшін жолаушыға билет құнының 3 пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді. Өтемақы алу үшін жолаушылар тікелей авиакомпанияға хабарласуы керек. Ескеретіні – бұл қызметтер рейстің кешігуі авиакомпанияның кінәсінен болған жағдайда ғана ұсынылады.


Соңғы жаңалықтар