Ұшақ апатының себебін ХАК комиссиясы анықтайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Роман Скляр ұшақ апатының ықтимал себептерін атады. «Ұшақ апатының себептерінің алдын ала нұсқаларын айтар болсам, ұшақ ұшу кезінде екі рет құйрық тұсымен ұшу жолағына соқтыққан. Бұл ұшқыштың қателігінен болуы мүмкін. Техникалық себептерді Халықаралық авиация комиссиясы анықтайтын болады. 2019 жылдан бергі осы ұшақтың қатысымен болған оқиғалардың барлығы талдаудан өткізіледі. Қара жәшік те тек ХАК мамандарының қатысуымен оқылатын болады», - деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, ұшақ апатынан зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетіледі.

«Өтемақы мәселесіне келсек, Үкімет өтемақы беру тәртібін бекіткен соң барлық жолаушыларға көмек беріледі. Біреуі де назардан тыс қалмайды», - деді ол.

«Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағы бойынша мыңға тарта құтқарушы мен 72 техника жұмылдырылды. 33 жедел жәрдем бригадасы көмек көрсетті. Анықталған ақпаратқа сәйкес, ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылардың ішінде екеуі Украина азаматы, біреуі Қырғызстан азаматы болса, тағы біреуі ҚХР азаматы, қалғаны Қазақстан азаматтары. Оқиға салдарынан 12 адам көз жұмды. Олардың сегізі оқиға орнында, ал қалған екеуі ауруханада, тағы екеуі Алматы әуежайында қайтыс болды. Алматының әртүрлі ауруханалары мен емханаларына 49 адам жеткізілді. Олардың 18-і ауыр жағдайда жатыр», - деді деді Роман Скляр Алматыда шұғыл өткен баспасөз мәслихатында.

Фото: www.emer.gov.kz

Соңғы жаңалықтар