Ұшақ апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ресурстар жеткілікті -ДСМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы және Алматы облысындағы медициналық ұйымдар ұшақ апатынан зардап шеккендерді қабылдауға және азаматтарға қажетті медициналық көмек көрсетуге дайын, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысындағы ұшақ апаты кезінде қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады.

Алматы мен Алматы облысының Жедел медициналық жәрдем бригадалары оқиға орнына 15 минут ішінде жетті.

Апат кезінде зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету үшін 51 жедел медициналық көмек бригадасы жұмылдырылды.

Алматы облысы мен Алматы қаласындағы стационарларлар зардап шеккендерге көмек көрсетеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, 8 адам оқиға орнында қаза тапты, 2 адам тасымалдау кезінде көз жұмды, 2 адам ауыр жарақат салдарынан ауруханада қайтыс болды.

Алматы қаласындағы ауруханаларға зардап шеккен 53 адам жатқызылды, оның 9-ы бала.

Сағат 12.50-дегі мәлімет бойынша, дәрігерлер 10 адамның жағдайы өте ауыр деп бағалап отыр. Пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін қажетті ресурстар жеткілікті және республикалық орталықтардан мамандар шақырылды.

Айта кету керек, зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде шұғыл қан тапсырудың қажеті жоқ.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласынан санитарлық авиация бортымен Ұлттық нейрохирургия орталығы мен травматология ҒЗИ мамандары жолға шықты.

Алматы және Алматы облысының медициналық ұйымдары зардап шеккендерді қабылдауға, барлық қажетті медициналық көмек көрсетуге дайын. Медициналық ұйымдар толық дәрі-дәрмектермен және қан компоненттерімен қамтамасыз етілген.

Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларымен 40 психолог жұмыс істеуде.

Соңғы жаңалықтар