Ұшақ апатынан қаза тапқан әскерилерді жерлеу рәсімі өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының Боралдай кентінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығы қатысқан ҰҚК Авиация қызметінің қаза тапқан әскери қызметшілеріне әскери құрмет көрсету рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қаза болғандарды жерлеу орнына жеткізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жерүсті және әуе көлік құралдары тартылды. ҰҚК апат салдарынан қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетуде» , - делінген хабарламада.

Қызметтік міндеттерін орындау кезінде мерт болған әскери қызметшілер еске алынып, ҰҚК Орталық аппаратының ғимаратында ведомстволық ту төмен түсірілді, сағат 17:22-де ұлттық қауіпсіздік органдарында «Бір минут үнсіздік» жарияланады.

Құрылған ведомствоаралық жұмыс комиссиясы әуе апатының мән-жайын анықтау және борттағы өздігінен жазатын құралды талдау бойынша жұмыс жүргізуде.

Еске сала кетейік, 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы сағат 17:22 кезінде радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді.

Ұшақта болған 4 адам қаза тапты. 2 адам түрлі жарақатпен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Кейіннен Алматы дәрігерлері ұшақ апатынан жапа шеккен екі адамның денсаулығы қалай екенін айтты.

Ұшақ апаты болған жерге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барып, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әуе апатының себептерін анықтауды міндеттеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректер тексеріліп жатқандығын мәлім етті.



Соңғы жаңалықтар