Ұшақ апаты: Елжан Біртанов екінші ұшқыштың денсаулығы туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы түбінде «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен 3 адам ауруханадан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен тәулікте 3 адам ауруханадан шықтық. Клиникаларда 46 пациент, оның ішінде 9 бала қалып отыр. Балалардың жағдайы тұрақты, олар реанимация бөлімшесінен ауыстырылды. Өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен, тиісінше сапалы ем қажет. Жағдайды министрлік бақылауда ұстап отыр», - деді Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Оның дерегінше, бірнеше адамның жағдайы өте ауыр болғандықтан реанимация бөлімшесінде жатыр.

«№4 қалалық ауруханада 7 адам, Алматы облыстық клиникалық ауруханада 2 адам реанимация бөлімшелерінде жатыр. Бір пациенттің өміріне қауіп төніп тұр. Қазіргі уақытта ол жерде ғылыми орталықтардың басшылары жетекшілік жасайтын топ жұмыс істеп жатыр. Кеше кеңес өткізіп, емдеу әдісін анықтады. Жалпы, емдеу толық көлемде жүргізіліп жатыр», - деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар, ол ұшақтың екінші ұшқышының жай-күйі жайында да деректермен бөлісті.

«Жағдайы өте ауыр болғанымен тұрақты. Реанимацияда жатыр», - деді ол.

Еске салсақ, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.


Соңғы жаңалықтар