Ұшақ апаты: Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әуе апатында жарақат алған ҰҚК қызметкерлерінің жағдайы әлі ауыр. Бұл туралы №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков пен қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Лаура Мырзағали онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жағдайлары тұрақты ауыр. Қарқынды терапия жағдайында бақылауда. Денсаулықтарын жақсарту үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда «, - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков.

Зардап шеккендердің денсаулығы туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі, телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағали да түсініктеме берді.

«Олардың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер барын салуда. Қазір олардың жағдайы тұрақты ауыр. Екеуі де №4 қалалық клиникалық ауруханада жатыр. Алғашқы күннен бастап біздің дәрігерлер оларға қажетті медициналық көмек көрсетуде «, - деді спикер брифинг барысында.

Еске сала кетейік, 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы 17.22 кезінде радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді.

Ұшақта болған 4 адам қаза тапты. 2 адам түрлі жарақатпен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Кейіннен Алматы дәрігерлері ұшақ апатынан жапа шеккен екі адамның денсаулығы қалай екенін айтты.

Ұшақ апаты болған жерге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барып, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әуе апатының себептерін анықтауды тапсырған болатын.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректер тексеріліп жатқандығын мәлім етті.



Соңғы жаңалықтар