Үш жылда ЖОО-лардың жанындағы 60 диссертациялық кеңес жабылды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы 3 жылдың ішінде еліміздің жоғары оқу орындары жанындағы 60 дисертациялық кеңес жабылды. Бұл жайында Білім және ғылым министрі кезіндегі қызметі туралы есеп берген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысының ашықтығы қамтамасыз етілді. Ашық дауыс беру, онлайн-трансляция мен отырыстарды бейнежазбаға түсіру арқылы шешім қабылдау процестерін барлығына ашық және қолжетімді еттік. ҰҒК құрамы айтарлықтай жаңартылып, оларға деген сенім деңгейі де арта түсті. Сарапшыларға қойылатын талаптар да күшейтілді, ғалымдарға өтініштерді үш күн ішінде пысықтау құқығы беріліп, сараптаманың шекті балы 21-ден 25-ке дейін көтерілді. Сондай-ақ сараптама базасы жаңартылды. Сонымен қатар академиялық адалдық пен ғылыми этика мәселелеріне көп көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық әлеуеті айтарлықтай төмендеді, ғалымдардың гранттар беру шешімдеріне қатысты шағымдары да азайды», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Оның атап өтуінше, сапаны қамтамасыз ету комитетінің (КОКСОН) ғылыми журналдарының жұмысы толығымен қайта іске қосылды.

Мақалаларды онлайн тіркеу, жабық рецензиялау сияқты талаптар енгізілді. Редакциялық алқа құрамына Хирш индексі немесе Web of Science және Scopus-те жарияланымдары бар ғалымдар тартылады.

Лицензиялық қарыз алуды тексеру жүйелері қолданылады және басқа да көптеген халықаралық талап енгізілді. Енді қазақстандық журналдар өздерінің жарияланымдарының сапасын жақсартып, есеп беруге міндетті болады.

«Сонымен бірге үш жыл ішінде 60 диссертациялық кеңес жабылды. Бұл көптеген университет басшыларына ұнамаған да болар, бірақ бұл қажетті шара болды. Өйткені біз мұндай шешімдерді қабылдау кезінде сапаны бірінші орынға қоямыз. Кеңестердің жұмысына жаңа талаптар енгізілді. Бұдан былай кеңес мүшелерінің жартысы диссертация тақырыбына байланысты тағайындалады, диссертация қорғау сәті интернетте тікелей эфирде көрсетіліп, оның мәтіні бәріне қолжетімді болатындай жерде жарияланады. Ал университеттерге диссертацияларды мемлекеттік тілге аударуын қамтамасыз ету міндетін жүктедік», - деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар