Үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны артты - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны 2,5 есеге өсті. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мәди Ахметов мәдім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастарымызды азғырып, болашағын ойран еткен синтетикалық есірткі мәселесі елімізде барынша күрделеніп келеді. Оған күні кеше елорданың қақ ортасында синтетикалық есірткі жасайтын ірі зертхананың жабылуы дәлел. Осыдан он шақты жыл бұрын «меф, кристалл, скорость, соль» деген түрлі атаумен нарыққа енген, сананы улаған синтетика жас ұрпақтың өмірін азапқа айналдыруда. Аталған мәселеге Мемлекет басшысы ерекше назар аударып, Үкіметке тиісті шараларды қабылдауды тапсырған болатын. Әйтсе де, Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, 2021 жылы синтетикалық есірткі айналымына байланысты 1036 қылмыс тіркеліп, 160 келіден астам психобелсенді зат, 3,5 тонна прекурсор тәркіленіп, 14 есірткі зертханасы жойылғанымен, соңғы үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны 2,5 есеге өскен», - деді М. Ахметов Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, жасөспірімдер үшін синтетикалық есірткі еркін саудада, қолжетімді және арзан. Оған тапсырыс беру әріп танып, Telegram-ның тілін білгенге еш қиындық тудырмайды. Qiwi-әмиян, криптовалюта онлайн төлемдері арқылы тауарды «байланыссыз», бір-бірімен кездеспей саудалау жолға қойылған.

«Сондай-ақ, соңғы кезде «курьер, закладчик» ретінде жасөспірімдерді жұмысқа тарту жиілеуде, олар өздерін заманауи тілмен «кладмен, минер» деп атайды. Әлеуметтік желіде тәжірибені қажет етпейтін, тиімді жұмыс кестесін, жоғары жалақыны, тіпті «мансаптық өсуді» ұсынған хабарламалар көп кездеседі. Қазіргі қиын жағдайда тығырыққа тірелген жастарды аптасына 150-200 мың теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі қызықтырмай қоймасы анық. Нәтижесінде, «кладмендер мен минерлер» жауапқа тартылып, темір тордың артында отыр, ал есірткі саудалаушылар көлеңкеде қалып, бостандықта жүр. Бұл кесел әр отбасының қасіретіне айналуы мүмкін, одан ешкім сақталмаған. Нашақорлық бай-кедейге, жас-кәріге бөліндейді. Сол себепті тиісті ұсыныстарды ескеріп, шұғыл арада шара қолдануыңызды сұраймын», - деді депутат.

Осы орайда мына ұысыныстар жасалды:

-Жастар арасындағы нашақорлық бойынша зерттеу жүргізіп, есірткіге тәуелділердің саның анықтау қажет;

-Құзіретті органдардағы мамандардың біліктілігін арттырып, арнайы заманауи техникамен жабдықтау керек;

-Жасөспірімдер арасындағы жүйелі профилактикалық жұмысты, ведомствоаралық байланысты күшейту маңызды.


Соңғы жаңалықтар