Үш жылда қазақ халқының 42 пайызы аштық құрбаны болды - Жансейіт Түймебаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арнап кешенді іс шаралар өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» деген атпен өткен кешенді іс-шара биыл Ақмола облысының Ақмол ауылындағы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде басталды. Таңғы сағат 9.00-ден бастап аза тұтуға жиналған халық еске алу тақтасына гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті.

Жиналған жалпы жұртқа «АЛЖИР» музейінің бірегей экспонаттары көрсетіліп, «АЛЖИР-дің жан төзгісіз ызғары» атты деректі фильмі көрсетілді.

Шарада сөз сөйлеген Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев үш жылда, яғни 1931-1933 жылдарда халқымыздың 42 пайызы құрбан болғанын айтты.

«Ашаршылықтан кейінгі 37-38 жылдардағы сталиндік репрессия да халқымыз үшін өте ауыр соққы болды. Жүз мыңнан астам адамға «халық жауы» деген таңба тағылды. Олардың көбі атылып кетті, қалғандары лагерьлердің бар азабын бастан кешті. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың алғы шебінде Алаш арыстары мен қазақ зиялылары құрбан болды. Жазықсыз құрбандар рухына бас иіп, тағзым ету - баршамыздың парызымыз», - деді ассамблея хатшысы.

Еске алу шаралары кешке дейін жалғаспақ. Сағат.14.00-де Нұр-Сұлтан қаласында «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының монументі» ескерткішіне гүл қою рәсімі өтсе, сағат 17.00-де «Қазақ еліне мың алғыс» монументі алдында «Еске алу вахтасы» флэшмобы өтеді. Оған 250-ден аса адам қатысады деп жоспарланған.

Еске алу күнін сағат 19.00-де Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында басталатын Тбилиси мемлекеттік театрының «АЛЖИР» спектаклінің қойылымы түйіндейді.

Соңғы жаңалықтар