Үш жылда еліміз медициналық кадрлармен 100 пайыз қамтылады - Бердібек Сапарбаев

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Павлодар облысының жұртшылығымен кездесіп, қойылған сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобымен кездесуге Павлодар облысының білім, мәдениет, спорт, денсаулық салаларының, бизнес, кәсіподақ, азаматтық қауымдастық, діни конфессиялардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында «Ана үйі» қоғамдық қорының Павлодар облысы бойынша үйлестірушісі Әсел Әбішева «Ана үйінде» тұратын қос жетім қызға баспана беру мәселесі қалай шешілетіні туралы сұрақ қойды.

- Біздің «Ана үйіміз» ашылғалы бері балалар үйінің 18 түлегі тұрған болатын. Қазіргі күнде қайтадан қайтып келген 2 қыз тұрады. Олардың туыстық қатынасы бұзылған, жетім қыздар. Оларға бізден бөлек өмір сүру қиын. Енді баспана беру мәселесін қалай жеделдетуге, қалай шешуге болады?, - деп сұрады Әсел Әбішева.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мәселені шешудің екі жолын атап өтті.

- Жалпы, қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету заң аясында жүзеге асады, - деді Бердібек Сапарбаев. – Бізде кезекке тұру заңы бар. Мемлекет бірінші кезекте баспана беруі тиіс азаматтар санаты құрылған. Алдымен Ұлы Отан Соғысының ардагерлері алуы керек. Қазір ардагерлердің бәрінде баспана бар. Биылдан бастап көпбалалы аналарды қостық. Оларға жеке кезек жүреді. Сол секілді, жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету туралы жеке бағдарлама бар. Сонымен қатар, бұл бағытта «Мейірім» бағдарламасы жүзеге асады. Оның аясында жетім балалар бизнесмендерге, кәсіпорын басшыларына, компанияларға бекітіледі. Өз тәжірибеммен бөліссем, Шығыс Қазақстан мен Ақтөбеде бала, қамқоршы, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасында үшжақты келісім жасалды. Бала оқып, жұмыс істегенше бекітілген адам ай сайын белігілі бір мөлшерде банкке баланың есебіне қаржы салады. Қажетті сома жиналғанда банк баспана береді. Осындай жолдарын жүзеге асыруға болады. Бүгінде жетім балаларды баспанамен қамту мәселесі шешілуде.

Сондай-ақ Ленин кентінде орналасқан мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын «Қамқор» қоғамдық бірлестігінің директоры Салтанат Сәрсенбаева ауылдық жерлерде медициналық кадр жетіспейтінін айтты.

- Ауылдық жерлерде медициналық кадрлар жетіспейтіні рас. Бүгінде елімізде бұндай кадр қажеттілігі 5 мыңға жуықтайды. Біздің 8 медициналық университетіміз жыл сайын орташа есеппен 3,5 мың түлек шығарады. Өткен жылдан бастап жаңа заң шықты. Оған сәйкес, түлектерге 3 жыл медициналық ұйымдарда жұмыс жасау міндеттелді. Яғни, 3 жылда біз республиканы 100 пайыз медициналық кадрмен қамтуымыз керек. Басқа мәселе – кадрды ұстап қалу. Оларға жағдай жасауымыз керек. Екібастұздағы сияқты келгенде тұратын жері, дұрыс жұмысы болуы керек. Дұрыс жағдай жасалмаса кетіп қалады. Сондықтан медициналық кадрлармен мәселе болмайды. Біздің оқу орындарымыз қажетті кадрлар дайындайды, - деді Бердібек Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар