Үш жүзге тарта жолаушы Алматыдан Таиландқа ұша алмай отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Scat әуе компаниясының Алматы - Таиланд рейсінің жолаушылары тәулік бойы Алматы әуежайынан ұшып кете алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

VSV - 5051 Алматы - Пхукет (Таиланд) рейсімен келе жатқан Sunday Airlines (Scat ә/к) әуе компаниясының 290 жолаушысы Алматы әуежайынан тәулік бойы ұшып кете алмады.

Жолаушылардың айтуына қарағанда, рейс таңертең сағат 05:20 кезінде ұшып шығуы керек болатын. Алайда ұшып шығу уақытын бірнеше рет шегерген. Арада көп өтпей рейсті тағы да белгісіз уақытқа ысырып тастаған.

«Біз өткен жылдың соңында жарымыз екеуміз Таиландқа баруды шешкен едік. Жоспар бойынша сағат бесте ұшып шығуымыз керек еді. Алайда ұшып шығу уақытын бірнеше рет кейінге ысырды. Әу баста рейс сағат 8:00-ге, кейін 15:00-ге, одан соң тіпті 23:00-ге шегерді. Біз мұнда 150-ге тарта жолаушымыз. Оның отызы Қырғызстан азаматы. Бәріміз шулап талап еткеннен кейін ғана әуе компаниясы бізді әуежайға жақын жердегі қонаұ үйге орналастырды», - дейді рейс жолаушыларының бірі.

Туристерге Таиландтағы әуежай жөндеу жұмыстарына байланысты әуе кемесін қабылдай алмайтыны хабарланған.

«Кейін ұшақтың техникалық тұрғыда дайын емес екені анықталды. Рейстің бұлай шегерілуінің негіздемесі мазамызды кетіріп тұр. Бәріне қолды сілтей салып, кері қарай Астанаға ұшып кетуге болатын еді. Бірақ, демалыс кезінде жоспарлағанымыздай, Таиландқа барып, демалғымыз келеді», - дейді ол.

Scat әуе компаниясынан хабарланғандай, Алматы - Пхукет рейсінің уақытында орындалмауы - Пхукет әуежайының ұшу-қону жолының жабылуымен байланысты болып отыр.

«160 жолаушы әуежайға жақын жердегі қонақ үйге орналастырды. Оларға қажетті керек-жарақтардың бәрі де ұсынылды. Ал қалғандары қайтып, өз үйлеріне қонуды шешті. Әуе компаниясы келтірілген ыңғайсыздыққа байланысты кешірім сұрай отырып, болған жайға түсіністік танытуды сұрайды», - делінген әуе компаниясының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Уақтылы орындалмаған рейс жолаушыларына әуе компаниясының есебінен өтемақы төленеді.

Scat әуе компаниясы Таиландтағы әуежайға қонуға болатыны туралы рұқсат берілгеннен кейін бірден жолаушыларға хабарлайтын болады.

Соңғы жаңалықтар