Үш жас кәсіпкер құны 8 миллион теңге болатын гранттың иегері атанды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Даму» қорының «жас кәсіпкерлер мектебін» тәмамдаған үш үздік жас кәсіпкерге құны 8 миллион теңге тұратын грант табыс етілді.

Текелі қаласының тұрғыны Юлия Гомоненко Еуразия банкі бөлген 3 млн теңгенің грантын еншіледі. Бұл қаржыға жас кәсіпкер Текеліде ат спортымен емдеу кешенін тұрғызуды жоспарлап отыр.

Тараз қаласынан келген жас кәсіпкер Ақмарал Дәрменбаеваның экологиялық тұрғыдан таза пакеттерді шығару цехын салу идеясы да қазылар алқасынан үлкен қолдау тауып, Казинвест банкі бөлген құны 3 млн тұратын грантқа лайық деп танылды.

Өз бизнес-идеясын Қостанайдан келген кәсіпкер Никита Карцев те Казинвест банкінен алған құны 2 млн тұратын грантқа жүзеге асыратын болады. Ол «Ақылды жарық» кешенді энергия үнемдеу жүйесін өндіретін шағын цех салуды жоспарлауда.

«Біз жастар кәсіпкерлігін дамытуға үлкен мән береміз. Біздің жұмысымыздың нәтижесін бір нәрседен көруге болады. Жас кәсіпкерлер мектебін тәмамдаған жастар кейін өз ісін еркін бастап кетіп жатады. Биылдың өзінде мектепте 34 тренинг-семинар өткізіліп, 1047 адам оқытылды. 17 идея жәрмеңкесі өтті»,- деді «Даму» қорының төрайымы Ләззат Ибраимова.

Оның айтуынша, бүгінгі марапатталған үш жобадан өзге тағы да 5 бизнес-жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын болды.

Биылғы оқу жылының нәтижесінде 35 түлек «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кепілдендіру алуға құжат тапсырып отыр.

«Қазақстан экономикасының болашағы жастардың қолында. Оларға осы бастан дұрыс жол көрсету маңызды. Үміткерлердің арасынан небір жақсы идеяларды ұсынғандар болды. Бірақ, саралай келе біздің таңдауымыз әлеуметтік тұрғыдан маңызы зор, адамдарды емдеуге бағытталған иппотерапия орталығын салу жобасына берілді»,- деді Еуразия банкінің басқарма төрағасы Майкл Эгглтон.

Соңғы жаңалықтар